Астанада ЭКСПО базасында халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы құрылады

Астана жаңалықтары: Астанада ЭКСПО базасында халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы құрылады

Бұл жайында Х Астана экономикалық форумы аясында өткізіліп жатқан «Болашақтың энергиясы және әлемдік энергия жүйесіндегі Қазақстанның рөлі» атты панельдік сессия барысында белгілі болды.

Сессия жұмысына мұнай-газ трансұлттық корпорацияларының, халықаралық ұйымдар, зерттеу орталықтары, ҮЕҰ, ұлттық компаниялар мен Қазақстанның мемлекеттік орган басшылары қатысты.

— Қазақстан 2050 жылға дейін «жасыл» экономикаға көшу концепциясын қабылдаған Орталық Азия елдері арасындағы тұңғыш мемлекет. Концепцияның негізгі бағыттарының бірі – 2020 жылға қарай ІЖӨ энергия шығынын 25% дейін азайту және елдегі энергия теңгеріміне 2020 жылға қарай үлесі 3% құрайтын баламалы, жаңғыртылатын энергия көздерін көптеп тарту, — деді Қазақстан Республикасының энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Министр ЭКСПО-2017 базасында энергетика секторындағы трансформация, «жасыл» бизнеске көшу, «жасыл» технологияларға икемделу және трансферт, аталған саланың қаржысын дамыту мәселелерін шешуге бағытталған халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы құрылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, маңызды шара барысында Қазақстандағы «Шелл» концерннің төрағасы Дункан Фон Берген және БҰҰ Даму Бағдарламасы энергетика кластерінің басшысы М. Алерс баяндама жасады.

Сессия барысында дәстүрлі энергия көздерінің әлеуеті бағытындағы мәселелер қозғалды. Спикерлер Қазақстанның ғаламдық энергетикадағы рөліне баса назар аударып, «жасыл» энергетика саласын дамыту тетіктері мен Қазақстан энергетикасының болашақ Картасын (futuremap) талқылады. Сессия қорытындысы бойынша Қазақстанның энергетика саласы алдында тұрған негізгі міндеттер айқындалып, стратегиялық шешімдердің сұлбасы дайындалды.

Болашақтың энергиясы — ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің негізгі тақырыбы.

Естеріңізге салайық, кеше, 15-маусым күні «Болашақтың «ақылды» әрі тұрақты қалалары» атты арнайы сессия барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен БҰҰ даму бағдарламасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Маңызды құжат аясында қолайлы жағдайлар жасауға арналған бірлескен жобаларды құру көзделген. Нақтырақ айтсақ, энергия үнемдейтін іс-шараларды енгізу, «ақылды қала» технологиясы, басқару саласындағы инновациялар арқылы қала шаруашылығын орнықты дамытуға көшуді қамтамасыз ету.

Елордада15-16 маусым күндері «Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбында Х Астана экономикалық форумы өтуде. Биыл форум алаңында 100 елдің 4 395 өкілінің қатысуымен 40 панельді сессия өтіп жатыр. Олардың арасында әлемдік экономикалық қауымдастықтардың танымал қайраткерлері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары және ғалымдар мен бизнесмендер бар.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше