Елордада Астаналық экономикалық форум басталды

Астана жаңалықтары: Елордада Астаналық экономикалық форум басталды

15 маусым күні Тәуелсіздік сарайында «Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбында Х Астаналық экономикалық форум басталды.

— Сіздерді Астаналық форумда көргеніме қуаныштымын. Біз осымен 10-шы рет жиналып жатырмыз. Биыл «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің өтуімен тұспа-тұс келді. Осы уақыт аралығында біздің форум абыройын асқақтатты, өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналды. Астаналық форум жұмысы оған қатысушыларға бігінгі уақыт талабына жауап табуға септігін тигізетініне сенеміз. Қазақстан Үкіметіне осы жерде көтерілетін сұрақтар аса маңызды. Біз бірлесе жұмыс істеуге, мәселелерді бірігіп шешуге дайынбыз, — деді ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан – елдің жүйелі диагностикасы» сессиясының ашылуында.

Екі күн ішінде форум алаңында 40 панельді сессия өтеді, оған 100 елден 4 395 адам қатысады.

«Болашақтың ақылды және тұрақты қалалары» арнайы сессиясы кезінде Астана қаласы әкімдігі мен БҰҰ Қазақстандағы даму бағдарламасы арасында меморандумға қол қойылады. Меморандум тараптарға «ақылды қала» технологиясын енгізу арқылы қалалық шаруашылықтың тұрақты дамуына көшуді қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Астаналық экономикалық форум еуразиялық алаң болып табылады. Жылда Астанада Орталық Азия аумағының, сондай-ақ барлық әлемнің ғаламдық экономиканың өзгеруі жағдайында экономикалық даму мәселелерін талқылау үшін әлемдік экономикалық қауымдастықтың өкілдері, мемлекеттердің бұрынғы және бүгінгі басшылары, Нобель сыйлықтарының лауреаттары, ғылым әлемінің белгілі тұлғалары, кәсіпкерлер жиналады. Жыл сайын АЭФ-қа 80 елден 5 мыңнан астам адам қатысады
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше