ЭКСПО кезінде Елорда хостелдері 4 мың туристі қабылдауға дайын

Биылғы жазда Елорданың 92 хостелі келушілерді қарсы алуға дайын. Оның 56-ы ЭКСПО көрмесі қарсаңында арнайы ашылды, деп мәлімдеді әкімдіктің медиа орталық тілшісіне «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-нің бас менеджері Марат Әлмағанбетов.

Қаладағы хостелдердің басым бөлігі бестен жиырма орынға арналған нөмірлерді ұсынып отыр. Тәуліктік бағалары үш мыңнан бес мың теңге аралығында. Кейбір хостелдерде екі орындық бөлмелер бар, алайда, бағалары да сәйкесінше жоғары, жеті мыңнан басталады.

Марат Әлмағанбетовтің айтуынша, хостелдердің стандарттық қызметтерден басқа да артықшылықтары бар. Ол — Елорданың көрікті жерлеріне жақын орналасуы, яғни Есілдің сол жағалауында. Қонақтардың ЭКСПО көрме орталығына тез жетуге де мүмкіндіктері мол.

«Жыл басынан бері халықаралық көрмеге орай 56 жаңа хостел ашылды. Қазақстан мен шетелден келетін меймандар үшін онда тұрақтау қолайлы әрі жайлы болады», — деп санайды М.Әлмағанбетов.

Бас менеджердің айтуынша, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-нде қаладағы барлық хостелдер туралы ақпарат бар: орналасқан жері, орынның бағасы, көрсетілетін қызметтер және т.б. Қажет болған жағдайда «Конвеншн Бюро» мамандары тұратын жерді тауып бере алады.

Туристер Астана әкімдігінің брондау бөліміне 87751167174, 8-777-772-05-06 және қалалық 8(7172) 27-78-15, 8(7172) 27-78-21 нөмірлері бойынша, сондай-ақ, сall-орталықтың 8-800-080-38-38 нөміріне хабарласып мәлімет ала алады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше