Астана әкімдігі мен БҰҰ даму бағдарламасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Астана экономикалық форумы аясында «Болашақтың «ақылды» әрі тұрақты қалалары» атты арнайы сессия өтті.
Шараны ұйымдастырушылар — ғаламдық экологиялық қор және Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің қолдауымен Астана қаласының әкімдігі және ҚР-ндағы БҰҰ даму бағдарламасы.
Жоғары деңгейдегі сессия барысында Астана қаласы әкімдігі мен БҰҰ даму бағдарламасы меморандумға қол қойды. Маңызды құжат аясында қолайлы жағдайлар жасауға арналған бірлескен жобаларды құру көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, энергия үнемдейтін іс-шараларды енгізу, «ақылды қала» технологиясы, басқару саласындағы инновациялар арқылы қала шаруашылығын орнықты дамытуға көшуді қамтамасыз ету сондай-ақ, табиғи сипаттағы төтенше жайттардың алдын алуға бағытталған жобалар.
— Астана – Қазақстанның саяси, мәдени, іскер орталығы, әлемдегі ең жас және тез дамып келе жатқан бас қалалардың бірі. Сол себептен, біз Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларын ескере отырып Астананы жемісті, жаһандық қалаға айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әлемдік сын-тегеуріндерді есепке ала отырып, жалпы елдің ғана емес, тұтас макроөңірлердегі экономиканың дамуына белгілі салалардың емес, осындай мегаполистердің ықпалы зор екенін байқаймыз. Капиталға, талант пен нарыққа деген жоғары бәсекелестік байқалған тұста экономиканы басқаша жасау қажет әрі қалалық басқару саясатын өзгерткен жөн. Нәтижесінде ең жақсы жағдай жасаған қалалар ғана жеңіске жетеді, — деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Өткен жылдың соңында әкімдік 2020 жылға дейінгі қаланың даму бағдарламасын әзірлеген болатын. Бағдарлама негізгі екі мақсатқа бағытталған: қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және Астананы ғаламдық жемісті «ақылды» қалаға айналдыру.
БҰҰ даму бағдарламасына сай тұрақты дамуды қамтамасыз ететін 17 мақсат айқындалды. Солардың бірі – қол жетімді баспана, қауіпсіз көлік, урбанизация, табиғат және мәдениет ескерткіштері, халықты қорғау, ауаның сапасы, жасыл желек, «қала мен қала маңының байлалысы», климаттың өзгеруіне әсер етуді жеңілдету, жасыл құрылыс сынды 10 тапсырманы қамтитын қаланы орнықты дамыту.
БҰҰ даму бағдарламасы да бірқатар ұсыныстар жасады. Солардың маңыздысы – орнықты қала. Бағдарлама Қазақстанның 15 қаласында Елорда инфрақұрылымына жеке инвесторларды тартуға бағытталған қаржы инструментін құру. Бұл тізімге республиканың ірі және шағын қалалары: Астана, Шымкент, Қостанай, Лисаковск, Теміртау және т.б. өңірлер еніп отыр.
Пікір жоқ әзірше