Орталық саябақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа жаттығу құрылғылары пайда болды
Есту қабілеті төмен жандар қазақ қоғамының бастамасымен Астана қаласының орталық саябағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу құрылғыларымен толықты. Енді мүгедек адамдар таза ауада бос уақыттарын жаттығу жасап, пайдалы өткізе алады.
Естеріңізге салайық, 12 мамыр күні Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен кездесу жиынында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалада жаттығу құрылғыларын орнатуға уәде берген болатын. Міне, сол уәделерінде тұрып, жоспарларын жүзеге асырды.
Айта кету керек, жаттығу құрылғылары елордалық есту және сөйлеу қабілеттері төмен қоғамы мүшелерінің қолдарымен жасалған. Бұл сыйлықты тарту етудегі мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бұқаралық спортты дамыту, дейді жақсылық жасаған жандар.
— Мүгедектік – бұл үкім емес, өз ағзаларын қалпына келтіруге талпынғандар үшін тіпті өмірінің соңы емес. Сенімділік пен өмір сүруге деген құлшынысы бар мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік те мол, — деп санайды мамандар.
Функционалдық жағынан бұл құрылғылар әдеттегіден еш кем емес, тек айырмашылығы сол ерекше тағдыр иелеріне икемделіп жасалған. Осындай құрылғылармен шұғылдану төзімді болуға, күш-қуатыңды арттыруға әрі өз-өзіңе деген сенімділікке жетелейді.
Мұндай спорттық алаңдар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар жаңа мүдделес достармен танысуға мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын берік ұстануға ықпал етері сөзсіз. Мәдениет және демалыс саябақтары мен аула алаңдарында да осынай құрылғыларды орнату аса қажет әрі өзекті. Жаттығу құрылғылары орталық саябақтағы теннис кортының маңында орнатылды әрі олармен шұғылдану тегін.
Пікір жоқ әзірше