ЭКСПО -2017 көрмесіне оқушылардың алғашқы делегациясы Ақтөбе облысынан жетті

Астана жаңалықтары: ЭКСПО -2017 көрмесіне оқушылардың алғашқы делегациясы Ақтөбе облысынан жетті

Бүгін елордалық «Нұрлы жол» вокзалына Ақтөбе облысының жас қонақтары келіп жетті. Облыстың әр мектебінен жиналған дарынды оқушыларды, балалар үйінің тірбиеленушілерін, әлеуметтік-мұқтаж отбасы баларын, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қарсы алды.

— Біз өңірлердің алғашқы оқушылар тобын қарсы алып жатырмыз. Жалпы ЭКСПО кезеңінде, яғни, 3 айда Қазақстанның барлық өңірлерінен оқушылар көрмені тамашалайды. Жазғы каникул басталысымен осындай сапарлардың оқушылар үшін маңызы зор деп есептейміз. Бағдарлама аясында балалар ЭКСПО-ны ғана аралап қоймай, Елорданың көрікті жерлеріне де саяхат жасайды. Оларды нарыққа қажетті мамандық түрлерімен таныстыру мақсатында мұражайлар мен заманауи зауыт, фабрикаларды аралатамыз. Екі-үш күндік бағдарламаның көлемі ауқымды әрі республикалық деңгейді қамтитын жоба болғандықтан оған бәріміз ортақ ат салысуымыз қажет, — деді Малика Бектұрова.

Алғашқы делегация медициналық колледжге орналастырылып, барлық тараптан жағдай жасалды. Қала әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатындағы және дарынды 40 мың оқушыға көрмені аралап-көру мүмкіндігін ұйымдастырып отыр.

Жас қонақтар үшін екі күндік арнайы бағдарлама қарастырылған: бірінші күні – ЭКСПО-2017 көрмесін аралап, келесі күні – Елорданың әсем жерлеріне саяхат жасайды. Жалпы 1600 адам бойынша 25 жол қатынасы жоспарланып отыр – бір жолғы қатынаста 40 баладан 40 топ.

Әр өңірдің делегациясына Астананың білім беру басқармасы мен оқу орындарының директорларынан құрылған жауапты тұлғалар бекітілді. Әр аймақ тарапынан балаларға жауапты мұғалімдер мен медициналық кызметкерлер карастырылған.

Балалардың келуінен бастап, оларды орналастырылу, көрмеге апару, қаланың ішіндегі саяхат және шығарып салу қатынасының бағыты түзілді. Оқушыларды «Astana LRT» ЖШС ұсынған қолайлы жаңа автобустармен тасымалдау жоспарлануда. Оқушылардың барлығы қаладағы білім беру ұйымдарының жатақханаларына орналастырылады.

Барлық ғимарат төтенше жағдайлар, тұтынушылардың қорғау департаменті және ювенал полициясының ЖПҚ бөлімі мамандарының тексерісінен өтті. Тұратын жерлері, тамақтанулары мен қауіпсіздіктері қадағаланды. Елордада бірыңғай 109 нөмірі бойынша қоңырауларды қабылдайтын ахуал орталығы жұмыс жасауда. Жас қонақтардың саяхаты кезінде ІІД ЖПҚ қызметкерлері тәулік бойы күзетте болады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше