Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған xалықаралық көрмесінің алғашқы күні басталды
ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарына таңертеңгі сағат 9-дан бастап есігін айқара ашты. Шараның алғашқы күнінде, түске дейін көрмеге 10 мыңнан астам адам келді.
Келушілер көрмеге қатысушы елдердің павильондарымен емін-еркін танысу мүмкіндіне ие болды. «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша бірінші күні 87 қатысушы ел өз павильондарының есігін ашты.
Бүгіннен бастап кез-келген адам үздік тәжірибе алаңдарын көріп, таныса алады. Мұнда баламалы энергия көздері бойынша әлемнің үздік жетістіктері қойылған. Жұмыстарды арнайы халықаралық комиссия іріктеді. Шығармашылық энергия аумағы да іске кіріскен. Тағы бір бірегей нысан – 2000 көрерменге арналған конгресс орталығы. Бұл жерде зал түрленіп, жаңа кеңістік пайда болады. ЭКСПО аумағында 700 ш.метрден қабылдауға арналған 4 аймақ бар. Тап осы жерде кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік қонақтарға арнап қабылдау өткізді.
Көрме конақтары 1100 орынға арналған киноконцерт залын энергия холын көре алады. 12 мың көрермен сыятын амфитеатр 9 маусымда көрменің салтанатты ашылуына арналған концерттік бағдарламаның сахнасына айналды. Бірлескен павильонда бес ірі шетелдік және бес ұлттық компаниялардың жұмыстары қойылды.
Бүгіннен бастап ЭКСПО аумағында орналасқан барлық мейрамхана, дәмханалар толық жұмыс істеп жатыр.
Осы күні сфераның 8-қабатында орналасқан Қазақстан павильоны да көпшілікке таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ елі павильонымен тыңғылықты танысып шығу үшін 3-3,5 сағат уақыт қажет. Ал барлық көрме аумағын танып-білуге 3-4 күн кетеді.
Ғимараттың тақырыптық концепциясы болашақ энергиясының мұражайы іспетті және 8 деңгейден тұрады – «Болашақтағы Астана», «Ғарыш энергиясы», «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Су энергиясы» және «Ұлттық павильон». «Нұр Әлем» негізінде 5000 ш.м. алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасады, ол негізгі екі аймаққа бөлінеді: Қазақстанмен танысу және «Жасампаз қуат» аймағы.
«Сфера болашақтың мұражайы ретінде қалады. Бұл жерде атақты әлемдік компаниялар жұмыс істеді. Сол себептен нысанға болашақта қызығушылық танытатындардың қатары қалың болып, «Нұр Әлем» танымал орынға айналады. Құрылымдық жағынан диаметрі 80, биіктігі 100 метр құрылыс осыған дейін болған емес. Мұнда соңғы заманауи технологиялар ғана қолданылды, — деді «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов.
Бұдан бөлек, 10 маусымда АҚШ, Швейцария, Польша, ҚХР, Түркіменстан, Ресей т.б. елдердің ресми таныстырылымы өтті. Халықаралық ұйымдар арасында БҰҰ павильоны таныстырылды.
Көрме 10 маусымнан 10 қыркүйек аралығына дейін 3 ай бойы жұмыс істейді. Ашылу салтанаты кеше, 9-маусым күні конгресс орталықта 17 мемлекет пен үкімет басшыларының қатысуымен өтті. Мамандандырылған көрменің ашылуында немесе жабылу сәтінде бұрын соңды осыншама көлемде басшылар қатысқан емес.
Пікір жоқ әзірше