Қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуы туралы әсерлерімен бөлісті

Астана жаңалықтары: Қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуы туралы әсерлерімен бөлісті

Мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары елдегі елеулі оқиға -ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің куәгері болды.

Тарихи оқиғадан қарапайым халықтың алған әсері қандай? Тұрғындар мен қонақтар өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— Мен кешегі шараны теледидар арқылы көрдім, өте жоғары деңгейде өтті! ТМД елдері арасында мұндай оқиға болған емес. Жоғары лауазымды қонақтардың келуі де үлкен жайтты аңғартады. Керемет!, — деді Астана тұрғыны Рамиль Хусеев.

Астаналық Анастасия балаларымен бірге көрмені шілдеде барып көрмекші. Шараның алғашқы күндері шетелдік туристер мен басқа өңірлерден келетін отандастарымыз тамашалап болған соң міндетті түрде баратынын айтты.

— Біз әзірге теледидардан көрдік, тыңғылықты дайындықтың нәтижесі бірден байқалды. Жан-жақтан қонақтар келіп, Елордамызға тамсанып жатыр. Мен де балаларымды маңызды шараға алып барамын, — деді Анастасия.

— Кеше бізге төрткүл дүние көз тікті. Маңызды шара алдағы үш айда жалғасады. Бүкіл Қазақстан кешегі айтулы оқиғаны тамашалады деп ойлаймын. Қаншама елдің көшбасшылары келді, біз Елбасымызбен мақтанамыз. Ел мәртебесі одан әрі асқақтап жатыр, — деген ойымен бөлісті қала тұрғыны Мұрат.

Ал оның он жастағы ұлы Әлімжан ЭКСПО қонақтарына көрсетілетін мәдени-ойын сауық шарасына қатыспақ.

— Көптеген әртістер өнер көрсетеді. Мен де солармен бірге осындай шараға қатысатыныма мақтанамын. ЭКСПО-ның арқасында Қазақстанды бүкіл әлем танып жатыр, — деді астаналық жас тұрғын.

ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің алғашқы күні таңертең ертемен көрме ғимаратының алдына адамдар көптеп жиналды. Келушілердің арасынан қала тұрғындарынан бөлек, Қазақстанның әр түкпірінен жиналған қонақтарды да көруге болады. Шетелдік туристер де ашылған павильондарды үлкен қызығушылықпен тамашалап жүр.

— Салтанатты шараның ашылу рәсімін көру мүмкіндігіне ие болдық. Ғаламдық деңгейдегі, мәнді-мағыналы оқиға деп айтар едім. Елдегі осындай жетістіктермен мақтанамыз, біздің балаларымыздың болашағын ойлап көңілімізді қуаныш кернейді. Танымдық, тәрбиелік маңызы зор шарамен таныссын деген мақсатта Павлодардан арнайы балаларыммен келдім. Германия мен Монаконың павильондарын тамашалап үлгердік. Баламалы энергия көздері туралы тақырып расымен өзекті, — дейді бүгін таңертен Павлодардан келген балалар дәрігері Гаухар.

Елорда тұрғыны Назымбек шараның әрбір сәтін қалт жібермеу үшін әйелімен таңертеңгі сағат 9-да көрмеге арнайы келіпті.

— Кеше біз отбасымызбен бірге ЭКСПО маңында отшашуды тамашаладық. Отшашу БАӘ деңгейінде өтті деп жатыр. Расымен, солай. Ал қазір көрмені аралап, танысып жатырмыз. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Павильон өкілдерінің ыстық қабылдаулары ерекше. Енді алдағы концертке билет алуды жоспарлап отырмыз, — дейді Назымбек.

Бір сағат бұрын Италиядан энергияның баламалы көздері туралы зерттеп жүрген ғалымдардың бір тобы келді.

— Мен Италиядан келдім. Келгенімізге көп болмағандықтан, әлі толық танысып үлгермей жатырмыз. Дегенмен, алғашқы әсеріміз жаман емес. Көптеген елдердің жұмыстарын көріп тұрмыз, әзірге адамдардың қатары қалың емес, оның себебі де түсінікті, бүгін шараның алғашқы күні әрі таңертеңгі уақыт. Болашақта қуат көзін алмастыратын баламалы энергияға қатысты жобалармен танысу үшін арнайы келдім. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын дамыта отырып, көп жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Өйткені, әлемде осы бағытта өте көп бастамалар қолға алынуда, — деді Италиядан келген турист Матиа.

Семей тұрғыны Жандос — темір ұстасы. Көрменің алғашқы күніндегі шараларды көріп-тамашалау мақсатында отбасымен арнайы келіпті.

— Кешегі салтанатты шараға жолда болғандықтан үлгермедік. Елордаға бес күнге келдік, осы аралықта барлық павильондармен танысып шыққымыз келеді. Күн сайын көркейіп келе жатқан бас қаламыздың көрікті жерлерін де аралағымыз келеді, — деді Жандос.

— Шара өте қызықты, ауқымды, жарқын, әдемі әрі қайталанбас деңгейде басталды. Бүкіл әлем көз тіккен шараны өз көзімізбен көріп жатырмыз, инновациялық жобалармен жақын танысқым келеді, — дейді Арайлым Ысқақова.

Қоғамдық ұйым өкілдері де өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің ашылуы – ғаламат шоуға айналды. Өзім осы тарихи сәттің куәгері болғаныма қуанамын. Кеудемді қуаныш кернеді, Еліммен мақтандым. Елбасымыз 17 елдің көшбасшыларын қалай қарсы алғанын онлайн тамашаладық. Ал отшашудан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын, — деді BestForKids қайырымдылық қорының өкілі Әйгерім Қарбаева.

— Бұл маңызды шараны әрбір қазақстандық тағатсыздана күткені рас. Еліммен, Елбасыммен мақтандым. Мен өзім әуесқой фотографпын. Сол себептен онлайн көрсетілімде әрбір кадр, әрбір сәт, әрбір қозғалыс есепке алынғанын бірден аңғардым. Ұйымдастырушылардың еңбектері орасан. Еліміз одан әрі өсіп, өркендей берсін. Осындай мазмұндағы маңызды шараны екінің бірі өткізе алмайтыны ақиқат, — деді «Астана-Арена» стадионының «Достық» спорткомбинатының бөлім басшысы Шыңғыс Қабылов.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше