Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық
Мен билегенді ұнатам. Кəдімгідей еш нəрсені ойламай, терлеп-тершіп. Тек музыка, ырғақ жəне сен. Керемет қой. Бірақ, соңғы уақытта билеуге қысылатын болдым. Ертең құтырған қазақ қыздары масқара болды деген видеоконтентке арқау болармын. Бақайларымды ғана жыбырлатып отырамын енді)))
Арасында бірдеңе жазып, сүйкеп тұрушы едім. Қазір… құрсын, жұрт менің не айтпағымды емес, қатемді іздеп отырады.
Меніңше, интернеттің, жаңа медианың,əлеуметтік желілердің дамуы бізді тым идеал етіп жіберді. Біз қателік жасаудан қорқамыз, өз пікірімізді ашық айтудан қорқамыз (тобыр демей-ақ қояйын, ағысқа қарсы келсең біттің), жалпы саналы ойлаудан қалып барамыз.
Nicolaus Mills айтқан «culture of humiliation» (масқаралау мəдениеті) біздің өмірімізге дендеп енді.
Шетелдік ғалымдар бұл мəдениет салдарының нəтижесі ретінде Тайлер Клементиді көп айтады. Қарапайым колледж студенті. 2010 жылы досымен интимді видеосы тарап, жұрттың масқарасына төзе алмай Вашингтон көпірінен құлап суицид жасаған. Ол кезде ол 18 жаста еді.
Һм, синий кит қорқынышты ма, желіде өлімтік іздеп отырған тобыр қорқынышты ма )))
Жақында желіге құқық қорғау органдары мен журналистердің əдемі ұсынуы нəтижесінде астаналық қыздың топлесс суреттерін, тіпті жеке құжаттарының деректерін біліп қалдық. Оған қарғыс жаудырмаған тобыр өкілі жоқ шығар. Оның қателік жасауға құқы жоқ. Ал біздің оны табалауға, қорлауға, масқаралауға құқымыз бар. Бірақ сол құқықты кім бергенін түсінбедім.
В контакте желісінде күнде болмаса да күнара жеке жазбадағы интим суреттер, скриндер "ұят трафигіне" айналып жатады. Тіпті бірнеше секунд аралығында ғана жарияланатын контентке арналған snapchatтың өзінен «масқаралар» лектеп ағылуда. Ал біз оны ашқарақтанып жұтып, құсып ары қарай таратудамыз.
Сіз бен біз олардың орнында болуымыз мүмкін бе? Ертең дəл сізді не мені жұрт масқаралап, рейтинг жинауы мүмкін емес екеніне сенімдісіз бе? Мен — жоқ. Мен де пендемін. Кейде жақын адамыма intimate суреттер жіберуім мүмкін ғой.
Сонда осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройың адырам қалады. Білесіз бе, адамгершілікті контенттен гөрі осындай «сұмдық» контенттің таралу жылдамдығы да, географиясы да əлдеқайда ауқымдырақ. Сенбесеңіз дəл қазір бөлісіп көріңізші, бір дертке шалдыққан адамға көмек қажет деген сілтемені жəне əлгі жаға ұстатар топтағы кез келген масқараны. Бірінші контент бір күн салбырап екінші күні лента архивінде ғайып болады. Ал масқара,… ооо, масқараңызға бəленбай лайк басылып, шейр жасалып, дəл қазір оңтүстік мейлі солтүстік) жақта жұртты «о тобалатып» жатыр.
Түсінесіз бе, масқаралау мəдениеті бізді адамгершілік, аяушылық, жанашырлық дефицитіне апара жатыр. Басылған əр лайк, жасалған əр шейр сайын…
Француз психологы, əлеуметтанушысы Серж Московичидің «шағын топтың əсер ету теориясы» бойынша бірнеше адамның үйлескен əрекеті қалың тобырға қарсы тұра алуы мүмкін екен. Жұрт жабыла көміп, тас атқылаған бейбаққа жай жылы сөз жазыңызшы. Мүмкін дəл сіздің сөзіңіз оны суицидтен алып қалып, өмірдің бəрі «масқара» сəттерден құралмайтынын, адамзаттың бəрі тобырдан құралмайтынына сендірер.
3 пікір