Жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды

Әсет Исекешев жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, елордада салынған жолдарды (800 км артық) ескерсек, 250-ге жуық аялдама орнату керек, оларды жобалау кезінде Астананың климаттық жағдайларын ескеру қажет. Сонымен қатар, қала басшысы жаңа аялдамалардың жайлы болуы тиіс екендігін атап өтті. Негізінен, бұл кешендер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік есебінен салынатын болады, ал жоба 2017 жылдың бірінші жартысында жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, қаладағы жаңа аялдама павильондары мен автобус маршруттары көше-жол желісінің дамуына қарай пайда болады. 2016 жылдың соңына дейін Астанада 45 жаңа шыны және перфорацияланған аялдама абаттандырылады. Мұнымен қоса, жабық типті жаңа аялдамалар жобалануда. Олар жолаушылар ағыны тығыз жерлерде орнатылмақ. Сондай-ақ, көлемді жабық сауда және техникалық орынжайлардан, ашық алаңнан тұратын автостанциялар жасалады. Автостанция аумағында тез тамақтану пункті, қоғамдық дәретханалар, төлемдер қабылдау пункті, лайт-бокстар және т.б. болады.

Сонымен қатар, Әсет Исекешев автобус парктерін жаңарту, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру, автобустардың қозғалыс интервалын азайту және ескі машиналарды қолданыстан шығару мәселелеріне назар аударды. Астана әкімінің атап өтуінше, елорда халқының саны ұдайы өсіп отырады, сәйкесінше қоғамдық көлікке түсетін жүктеме артады. Қазіргі кезде күн сайын 700 аса қоғамдық көлік жолға шығады, олар 875 мың адамға қызмет көрсетеді.

Мұнымен қоса, 2017 жылы Астананың автобус парктері IVECO маркалы 210 заманауи жайлы автобуспен толықпақ. Жаңа жылжымалы құрамды сатып алу Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициялық қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Жаңа автобустар ақпараттандыру, ауа баптау, жылыту, бейнебақылау жүйелерімен, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға және балалар арбасымен жүрген ата-аналар үшін арнайы пандустармен жабдықталады.

Анықтама: Жылжымалы құрамды толықтырудың нәтижесінде автобус маршруттарының қозғалыс сызбасы өзгереді. Жолаушылар олардың қозғалыс кестесіменASTRA Bus қосымшасынан және 2010 жылдың соңына дейін орнатылатын 110 ақпараттық таблодан таныса алады. Қазіргі кезде бұл жабдықтар тестілік режимді жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша 2017 жылы аялдамаларда тағы да 72 ақпараттық табло орнатылатын болады.

Еске салайық, 2015 жылы қарашада алғашқы 358 автобус сатып алынды, қыста бұл көліктердің сапалы әрі сенімді екендігіне көз жеткіздік.

Әсет Исекешев автобус маршруттарын ұйымдастыруға да баса назар аударды, сондай-ақ, қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты азаматтардан келіп түскен сынға байланысты дереу әрекет етуге шақырды.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы Көкарал және Бәйшешек көшелері тұрғындарының өтініштері бойынша №73 маршруттың қозғалысына жартылай өзгерістер енгізілді.

Осылайша, Көкарал көшесінде 3 аялдама пункті ұйымдастырылды, ендіаталған бағдардағы автобустар бастапқы пункттен Төлебаев көшесімен «Көкжелек к-сі» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі Төлебаев көшесімен Көкарал, Бәйшешек, Шалкөде көшелерімен жүреді, соңғы аялдама «Промышленный т/а». кері бағытта өзгеріссіз, қазіргі сызба бойынша Шарбақты көшесі арқылы.

Үстіміздегі жылдың 28 қарашасынан бастап «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындарынан өтініш көп түскендіктен, №24 маршрут № 39 разъезді мен «Мұнайшылар» т/а дейін ұзартылды, және жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін осы бағдар бойынша сыйымдылығы 110 адамды құрайтын Man маркалы автобустар шығарылды.

«Көктал-2» тұрғын алабында Наурыз көшесінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты №4 және №34 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертілді.

28 қарашадан бастап аталған маршруттардың қозғалысы қалпына келтірілді(жол жөндеу жұмыстарына байланысты аялдамаға дейін 1 км жаяу жүру қажет болды). Осыған байланысты қаладан Қосшы ауылы бағытында жолаушылар ағынының артуына байланысты қала маңына қатынатын № 303 маршрутына қосымша автобустар жіберілді, соның арқасында қарбалас сәттерде қозғалыс интервалы 5 минутқа дейін қысқарды.

Қала маңына қатынайтын №306 автобустың да интервалы қысқартылды, автобустар Талапкерден қарбалас сәттерде 15 минуттық аралықпен жүретін болды (бұған дейін интервал қарбалас сәттерде 25 мин болған).

Қоянды ауылында№ 307 маршрутта автобустар саны ұлғайтылды, ендіқозғалыс интервалы қарбалас сәттерде 8 минутты құрайды(бұған дейін қарбалас сәттерде 10 мин болған).

30 қарашадан бастап Қабанбай батыр ауылына дейін жүретін қала маңына қатынайтын №308 автобус енді Қызылжарға кіреді (бұған дейін бұл маршрут тасжолда тоқтайтын, бұл қызылжар тұрғындарына ыңғайсыздықтар келтіретін);

«Көктал-1» тұрғын алабында «Ансар қоғамы» ауданының тұрғындары автобустың кіруіне қатысты көп рет өтініш жолдаған. Қазіргі кезде аялдама пункті ұйымдастырылып, көше түзетілді. Осылайша, қоғамдық көліктің қозғалысын ұйымдастыру мүмкіндігі туындады.

30 қарашада №120 маршруттағы автобус көрсетілген аялдамаға дейін ұзартылады (қазір ең жақын аялдамаға дейінгі қашықтық орта есеппен 1,1 км құрайды, ал ұзартқаннан кейін орта есеппен 550 м болады).
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше