Астанада Алматы күндері өтіп жатыр

Елордада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» республикалық акциясының шеңберінде Алматы қаласының күндері өтіп жатыр. Меймандар Астанадағы төрт балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 1000 кг аса нағыз алматылық апорт пен 3000 дана қазақстандық шоколад алып келді.

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы күндері өтіп жатыр

Алматы қ. ішкі саясат басқармасының жетекшісі Нұрлан Сыдықов бастаған делегация алдымен SOS Балалар ауылына барды. Мұнда 3-тен 16 жасқа дейінгі 67 бала тұрады. Меймандардың сұрақтарына балалар зор ықыласпен жауап берді. Балғындар Алматының қайда орналасқанын және қаланың немен танымал екені туралы хабардар екен. Суретке де, бейнекамераға да қуана түсті. Нұрлан Сыдықов балаларға қаланың атауы «алма» сөзінен алынғанын еске салды — мегаполис ертеден алматылық апорттың отаны болғанымен танымал, оның бұл атағы шет елдерге де жеткен.

«Біз осында келіп, балаларға кірмей кете алмадық. Балалар — біздің болашағымыз. Олардың дені сау болып өскені біз үшін өте маңызды, сондықтан да дәрумендердің қайнар көзі — алманы көбірек алып келдік», — дейді Нұрлан Сыдықов.

Сондай-ақ, ол Астанаға мазмұнды мәдени бағдарлама ала келгендерін атап көрсетті. Бұл «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесі және Ұлттық музейде ашылған Алматы туралы фотокөрме. Сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында жастар қазіргі заманның танымал ақындарымен кездесті. Сағат 18.00-де Тәуелсіздіктің мерейтойлық датасына орай Алматы қаласының эстрадалық-симфониялық оркестрінің және Қазақстан экстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» гала-концерті өтеді.

Ертең, 6 қараша күні сағат 15.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және белгілі дәстүрлі орындаушылардың қатысуымен «Мәңгілік мұрат» дәстүрлі музыка концерті өтеді. Балалар үшін бүгін және ертең Алматы қаласының Мәдениет және мұрағаттар басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклін және «Куклы шоу» балалар спектаклін қояды.

Алматы күндері қарсаңында орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қ. әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Қаланың жетістіктері туралы әңгімелеу барысында ол: «Оңтүстік астана өзінің ғылыми, білім және мәдени әлеуетін сақтай отырып, еліміздің қаржылық туристік орталығына айналды. Қала өз дамуында ауыз толтырып айтарлық табыстарға жетті. Егер 90-шы жылдардың басында Алматы ЖІӨ-нің оннан бір бөлігін қамтамасыз етсе, бүгінгі күні мегаполис ел экономикасының бестен бір бөлігін қалыптастырып отыр. Оңтүстік астананың басшылығы Алматыны жоғары технологиялық мегаполиске ғана емес, сонымен бірге, дәстүрлері мен тарихы сақталған айрықша қалаға айналдыруды жоспарлап отыр. Қазіргі әлемде тарихи-мәдени мұра креативтілік пен инновацияның, қалаларды жаңартудың көзіне айналып отыр. Осы ретте, үстіміздегі жылы Алматыда еліміздегі жалғыз «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Алматы қаласы тарихының жаңа мұражайы ашылады», деп атап көрсетті.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше