Елордада шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалі ашылады

Бүгін Астанада XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы өтеді. Биыл байқауға қатысуға 644 үміткер өтінім берген, өткен жылға қарағанда бұл көрсеткіш екі есеге артып отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуде шығармашылық байқаудың ұйымдастырушылары хабарлады.

Үміткерлердің көбі «Бейнелеу өнерінде» бағын сынамақ — бұл номинацияда 192 өтінім, «Хореография» — 154 және «Халық музыкасы» номинациясы бойынша 134 өтінім қабылданды. Соңғы номинацияға қатысатын жастар домбыра, прима-қобыз, қылқобыз, шертер-бас шертер және прима-домбыра аспаптарында шығармалар орындауға тиіс. Қазылар алқасының құрамына америкалық кларнетші Юлиан Миликс және армениялық кескіндемеші Вардгес Хахамян сияқты әлем елдерінің өнер қайраткерлері енді.

«Фестивальдің танымалдылығы жылдан-жылға артып келеді. Шекарасы жоқ бұл шара түрлі мәдениеттер мен елдер адамдарының басын қосады. Бұл жолғы фестиваль ел тәуелсіздігінің мерейтойына орайластырылып отыр. Биыл конкурсанттардың жасы 33 жасқа дейін. Қатысушыларға қойылатын талап жоғары, бір орынға 4-5 үміткерден. Бірінші кезекте, шығармашылық жұмыстарды бағалауда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы идеологиясына баса назар аударылады», — дейді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы.

Биылғы жылы елордалықтар белсенділік танытып отыр, Астанадан 175 адам «Шабыт» фестиваліне қатысуға ниет білдірген, қалған өтінімдер Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украина елдерінен түскен.

Конкурсанттарды іріктеу үш турмен өтеді. Қатысушылардың репертуары мен әрбір музыкалық аспапқа арналған шығарма алдын ала бекітілген. Әрбір номинация бойынша байқаудың бағдарламасы мен өтетін орны туралы толық ақпарат www.shabyt.astana.kz сайтында жарияланған.

Фестивальдің салтанатты жабылуы қарашаның 8-інде Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді, шара аясында гала-концерт пен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі осымен 19-шы рет өткізіліп отыр және бұл — шығармашыл жастарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Негізі қаланған уақыттан бері фестивальге өнердің түрлі жанрларында 10 мыңнан аса өнер иесі қатысты.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше