Қазақ балалары да робот жасай алады
Таяу күндері Астанадағы Халықаралық мектепте робототехникадан республикалық Олимпиада өтті. Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бірлесе ұйымдастырған шараға еліміздің жалпы білім беретін ордалар мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің аймақтық жарыс кезеңдерінің 184 жеңімпаз оқушысы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, шараның негізгі мақсаты – оқушылардың ғылым мен техниканың өзекті салаларына назарларын аудару, заманауи ғылыми-техникалық бағытта шығармашылықтарын дамыту, білім беру процесінде робототехниканың оқу бағдарламаларын табысты жүзеге асыру.
Айта кетейік, жарыс робототехниканың халықаралық Олимпиадасының (Word Robot Olympiad – WRO) ережелеріне сәйкес өткізілді. Жүлделі орындарға ие болған командалар серіктес Microsoft, Lego, Dr. WEB компанияларынан бағалы сыйлықтар алды. Енді республикалық сайыс жеңімпаздары қараша айында Делиде (Үндістан) өтетін халықаралық Олимпиадада ел намысын қорғайтын болады.
Бұл олимпиаданың 12 жылдық тарихы бар. 2004 жылдан бүгінге дейін әлемнің 50-ден астам елінде өткізілген білім жарысына 20 мыңнан астам команда қатысыпты. Ал елімізде өткізілген жарыстарға 2014 жылы 100 команда, 2015 жылы 115 команда атсалысқан.
Әр елде Олимпиаданың қорытынды кезеңін өткізумен ұлттық ұйымдастырушылар айналысады. Word Robot Olympiad шешімімен Қазақстандағы ұлттық ұйымдастырушы болып «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бекітілген. Бүгінде НЗМ жалпы білім беретін мектептерге робототехниканы енгізу үшін 80 жаттықтырушыны даярлап, еліміздің 2500 мұғаліміне робот жасаудың қыр-сырын үйретуді қолға алды. Еліміздегі кей мектептерде робототехника үйірмелері ашылып, оқушылар робототехника саласымен жете танысуы басталып та кеткен. Демек, мектеп қабырғасында жүріп, робот жасауды меңгерген шәкірттердің алдында ғылыммен айналысу мүмкіндіктерінің ашылары сөзсіз.
Еске сала кетсек, «Робототехника» – математика, физика, информатика, технология, инженерия және тағы басқа да пән негіздерін бірлестіретін пәнаралық элективті курс. Бұл курс логикалық ойлауға, әр оқушының дербес негізде техникалық өнім моделін құрастыру дағдыларын дамытуға, оқушыларға жаңа үлгідегі 21 ғасырдың техника мен технологияларымен танысуларына мүмкіндік береді. Келесі жылғы Олимпиаданы EXPO-2017 көрме базасында өткізу жоспарланып отыр.
«Біз үш жыл қатарынан Олимпиада өткізіп жатырмыз. Бұл шара тұңғыш рет Қазақстанда 2014 жылы ұйымдастырылды. 11 қыркүйекте өңірлік кезеңдер өткізілді. Онда робототехника саласы бойынша үздік оқушылар іріктеліп алынды. Республикалық сайыста қатысушылар жас бойынша 8 санатқа бөлінді. Олардың жасы 9-дан 25 жасқа дейін», – дейді Олимпиаданың бас қазысы Азамат Биданов.
Оның айтуынша, жыл өткен сайын Олимпиаданың тақырыбы өзгеріп отырады. Биылғы жылдың тақырыбы – қалдықпен күресу. Қатысушылардың барлық жұмысы осы салаға арналады. Мәселен, қалдықтарды реттеу мен өңдеу жөнінде жұмыстар ұсынылатын көрінеді.
Рас, Қазақстан үшін робототехника өте жас сала. Мысалы, Жапония, АҚШ, Германия сияқты робототехника саласындағы жетік елдер сондай биік дәрежедегі өндіріске ондаған жыл бойы тынымсыз еңбектеніп жетті. Қазіргі кезде бұл елдерде робототехника саласы қарқынды дамып келеді және Қазақстаннан робототехника бойынша 10-20 жылға озып отыр. Германияның Kuka AG, Жапонияның Kawasaki Robotics индустриалды роботтарды шығаратын компаниялары соған мысал.
Жас мемлекетіміз үшін бұл кемшілік саналмасы белгілі. Қай салада болмасын талай межені бағындыруға талпынған еліміз робототехника саласын да жете меңгеріп, келешекте қазақ балалары арасынан да мықты ғалымдар шығып жатса, таңғалуға болмайды. Өйткені, Білім және ғылым министрлігінің ерекше көңіл бөлуінің арқасында бүгінде оқушыларымыз біршама белесті бағындырып та үлгерді.
Ендеше, бұл – адам өмірін жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт жақындап келе жатыр деген сөз.
Айша БЕКҚЫЗЫ
Пікір жоқ әзірше