Әсет Исекешев пен Рустам Минниханов Астана мен Татарстанның арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов өзара ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық, іскерлік және т.б. салаларда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

«Татарстан Республикасымен тарихи тамырымыз ортақ, бауырластық, сыйластық қарым-қатынас орнаған. Бүгінде осы дәстүрімізді табысты жалғастырып келеміз. Татарстан Астана мен Қазақстанның Ресей Федерациясындағы басты экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады», — деді Әсет Исекешев.

Татарстан Президенті Қазақстанның астанасына қуана келетінін, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің инфрақұрылымының құрылысының қарқынын ерекше атап өтті.

«Астана алдағы дүниежүзілік көрмеге шындап дайындалып жатыр, бұған көзім жетті. Мұнда озық технологиялар пайдаланылып жатыр. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі үздік көрмелердің бірі болатынына сенімдімін», — деді Рустам Минниханов.

Оның айтуынша, Татарстан салынып жатқан көрме кешендеріне қузығушылық танытуда. 2019 жылы Қазан қаласы кәсіпқой шеберліктен «World Skills Competition» әлем чемпионатына қатысады және оны өткізу үшін көрме кешенін салу керек. Рустам Минниханов осы салада тәжірибе алмасудың пайдалы екендігін атап өтті.

Тараптар 2017 жылы Астанада Татарстан күндерін өткізу мүмкіндігін талқылады. Қос республиканың астаналары бауырлас қалалар болып табылады.

Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан басшысына елімізде тұрып жатқан татарларға қолдау көрсеткені және мәдениетті сақтап, дамытуға жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше