Тұңғышым дүниеге келгенде

Блог - patick: Тұңғышым дүниеге келгенде
Біз бұны алты жылға жуық уақыт күттік.

Уақыт таяған сайын, жүрек дүрсілдеп кетеді, шынымен менің басымнан өтіп жатыр ма деп өзіңнен сұрай бересің. Бір жағынан қорқыныш — өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басуға дайынмын ба, дұрыс әке бола аламын ба деген сұрақтар мазалайды. Оның үстіне бұрынғыдай достарыңмен қалағаныңша сауық-сайран құра алмайтының, енді өзге әкелер секілді жұмыстан кейін үйге асығуға мәжбүр болатының көңіл-күйді түсіріп жіберетіні рас. Екінші жағынан — алты жылға жуық емін-еркін жүргенің жетер, енді алға қадам басу керек, бала сүйіп, қызығын көретін кезең жетті деп өзімді қайрап та қоямын.

Сөйтіп, не керек — 9 ай тез өте шықты. Кейбір отбасылар айтып берген, түнгі ұйқы алдында айтылатын қорқынышты әңгімеге татырлық оқиғаларды бастан өткізген жоқпыз, түн ортасында жерік затты іздеп шарқ ұрмадым, еріксіз ашу мен қалыптан тыс мінез ауытқушылықтар көрмедім өз жарымнан. Кәдімгі күнделікті өмір, тек ай сайын іші үлкейе түседі. Ол тіпті тоғызыншы айына дейін жұмысында болды.

Әйелімнің бұрыннан бергі арманы бар еді — алғашқы баланы өз ата-анасының қасында босану. Алматыда қолдау көрсетіп, бала бағуды үйрететін адамдарымыз жоқ. Іздесек табылар еді-ау, тек өзгенің мазасын жөнсіз алуды екеуміз де қаламаймыз. Оның үстіне Алматының дәрігерлері мен олар көрсеткен қызмет деңгейі жаңағы мақсатымыздың орындалуына тағы бір себеп тауып берді. Жол жақын емес, десек те тәуекелге бардық. Аман-есен жеттік сөйтіп Ресейге.

Менің ата-анам жағдайды түсіндірген соң біздің бұл шешімімізге түсіністікпен қарады. Осы үшін оларға ерекше құрмет. Біз Атырауға жеттік те, облыста тұратын менің ата-анамның үйіне кірместен, бірден Астраханға тарттық. Біздің үйге апаратын жол ауыр, әрі ұзақ. Аман тұрғанда баратын жерімізге жетіп алайық дедік.


Ресейдің басқа облыстарында жағдай қалай екенін білмедім, Астрахан дәрігерлеріне көңілім толды әйтеуір. Олар да үйреніп кеткен — бүкіл Қазақстан бізде емделеді ғой, — деп қояды. Олай деуі енді артықтау шығар, бірақ атыраулықтар точно Астраханға келіп емделіп, операция жасатып жүр.

Ат таңдаудың өзі қызық екен. Бала дүниеге келді. Ешкім ештеңе демейді. Істі өз қолыма алдым. Өзіме ұнаған бірнеше есімді таңдадым да дауыс беруге салдым. Менің жағым бар, қайын жұрт бар, әйтеуір дауыс беру нәтижесінде екі фаворит есім анықталды: Мәулен және Ыбырай. Өзім Ыбырайды қалап тұрмын, бірақ қорытынды бойынша есеп тең: 6 адам Мәуленді, 6 адам Ыбырайды таңдаған. Тағы да тупиктеу жағдай. Отбасыларымыздағы беделді тұлғалар Мәуленді қалап тұрған секілді. Бірақ мен Ыбырайға жабыстым да қалдым. Іштей солай атап та қойған сияқтымын. Сөйтіп, ауруханадан шығарар алдында Ыбырай болады деп кесіп айттым. Пәлендей қарсылық болған жоқ.

Құжат рәсімдеуде де жолым болды. Астраханда Қазақстанның консулдығы бар. Куәлікті сол жерде рәсімдеуге болады. Әдетте бұған үш күн кетеді екен. Іштегі қызметкерлермен танысып, жақын сөйлесіп кеттік. Олар да үш күн жүргізіп қайтеміз, бүгін алып кет деді. Сөйтіп 3-4 сағаттың ішінде туу туралы куәлік дайын болды.

Қырқынан шығып, Алматыға қайтатын кез келді. Астраханда туған екен, бесікке салу ырымын да осындай жасайық деп шештік. Оның үстіне бұл жақта біздің салт-дәстүрлеріміз ұмыт болған. Сондықтан оларға да бұндай мейрам қажет әрі таңсық еді. Бір қызығы, ол жақтан бесік таба алмадық. Ата-анам үйдегі бесікті алып баратын болды. Ол бесікке мен де жатқанмын кезінде :)


Астрахандағы ағайын кейін рахметін айтып жатыр. Бесікті өмірінде көрмегендер де бар, қызығып сұрап жатыр. Атын айтып, азан шақыруға жергілікті молда келді. Обшым, бәрі атыраулық стилде жасалды :)

Қысқаша осы.

Сонымен, әке болған қалай екен деп сұрайсыз ғой. Шынымды айтсам — сөзбен жеткізу қиын. Оны сәби сүйгендер ғана түсінетін шығар. Бала тәрбиелеудің ауыртпалығы аз емес шығар, бірақ қызығы мен қуанышы үшін бәріне дайынсың. Бұрын өз өміріңнің басты рөлінде өзің болсаң, қазір қосалқы рөлде екеніңді білесің.
Бөлісу:

9 пікір

Basic
Бауы берік болсын. Керемет видеолар, керемет папа-мамасы. аға-тәтелері де мықты ;) Ыбырай үлкееен жігіт болсын.
asaubota
алғашқы бала күшті естелік болып қалады. ол баламен сендер де өсесіңдер, тәжірибелі боласың. кейінгі балаларда уже бәрі оңай болады :)
Rozatai
Патя, сіздерді шын жүректен құттықтаймын! :*:*:* Видеолардан қуаныш лебі есіп тұр!!!
Менің ағамды да төрт жылдай күткен екен ата-анам. Бірақ, ол туғаннан кейін 1 жыл екі айдан мен өмірге келгенде әкем қатты жылапты. Өзі жетім өскен кісі, Құдай бермей-бермей келіп, айналасы 1-2 жыл ішінде екі балалы болғасын, қуанған шығар. Мені Қызылордадағы бір досының ақ «Волгасын» сұрап алып, сонымен алып шыққан екен. :0
Basic
роддомнан шыққанда Ернардың екі езуі жиылған жоқ))) Сондай әдемі көрініс
asaubota
аха, қолына алған кездегі ыржалаңы керемет шынымен :)
merekeee
Ханзададай! Ере берсін!
zholantai
сондай күшті
Бауы берік болсын