Жалпықалалық сенбілікте 7 мыңға жуық ағаш отырғызылады
12 қыркүйектен 12 қазанға дейін елорда аумағын санитарлық тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық өткізіледі. 24 қыркүйекте «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігі ұйымдастырылады.
Жалпықалалық сенбілік аясында қалалық және республикалық ұйымдардың қатысуымен 7000 ағаш отырғызу жоспарланған, соның ішінде «Алматы» ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, «Есіл» ауданында — «Хан Шатыр» СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельмана» тұрғын алабына дейін, «Сарыарқа» ауданында – Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаштар егіледі.
Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаштар отырғызылады.
Жалпықалалық сенбілік аясында Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ арналарын қоқыстан және тұрмыстық қалдықтардан тазарту мақсатында «Таза өзендер!» экологиялық шарасы өтеді. Есіл өзені «Газмашаппаратура», «Қартар үйі» («Көктал-1» ш/а), Ақбұлақ өзені – Еуразиялық университет корпусынан ЖЭО-2 дейін, Сарыбұлақ – «Бахус» сауда үйінің аумағында тазартылады.
Экологиялық айлық аясында көшелер, тротуарлар мен орамішілік аумақтар тазартылады, ағаштар отырғызылып, нөсер мен арық кәріз жүйелері тазаланады, сондай-ақ, саябақтар мен гүлбақтарда жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізіледі, гүлзарлар абаттандырылады.
24 қыркүйекте жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам шығады, оған қалалық кәсіпорындар мен ұйымдар, медицина және білім мекемелері қатысады, сондай-ақ, 429 жуық техника тартылады.
Апта сайын «Көше көркі –Астана көркі», «Қоршаған ортаны аялайық!», «Астана – әсем қала!» ұрандарымен халықтың, өндірістік кәсіпорындардың және басқа да ұйымдардың қызметкерлерінің қатысуымен сенбіліктер ұйымдастыру бойынша шаралар өтеді.
Елорда тұрғындары мен ұйымдары аулалар мен көшелерді абаттандыруға үлес қоса алады.
Пікір жоқ әзірше