«Астана Опера» театрында жаңа маусым ашылады
Елордалық опера және балет театры өзінің төртінші маусымын А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Белгілі режиссер Джанкарло дель Монако (Италия) мен көрнекті қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтің қойылымындағы бірегей ұлттық спектакль Астана тұрғындары мен қонақтарына III Халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің аясында ұсынылады.
Биыл қазақтың композиторлық өнерінің алыптары – А. Жұбанов пен Л. Хамидидің туғанына 110 жыл толады. Қазақ-итальяндық шығармашылық топ жүзеге асырған опера, қазақ философиясының данышпаны – Абай Құнанбайұлының өмірдегі қызметі, құндылығы мен армандары жайлы баяндайды. Қойылым сол кезді шынайы етіп, дәлме-дәл жеткізеді.
— Классикалық опералық спектакльді итальяндық мектептің көзімен ұсынған көркемдік-қойылымдық топ, операда бірінші кезекте, музыкада берілген драматургиялық қақтығыстарға апаратын адам құштарлығының көрінісін тыңдарманға эмоциялық тұрғыдан бірге бастан кешіруді көздеген. «Абайды» тек осылай көрген олар, театрдың керемет кәсіби деңгейін пайдалана отырып, ұлттық негізді ескеретін қойылым жасады, — дейді операның тұсаукесерінде болған өнертану ғылымдарының докторы, ҚазҰӨУ профессоры Үмітжан Жұмақова.
Бірінші актінің екінші көрінісіндегі Абайдың таңғажайып үйі, ойшылдың рухани байлығын жеткізіп, көрерменді таң қалдырады. Ақынның шығармашылығын осылайша сезінген атақты суретші-сценограф Эцио Фриджерионың (Италия) сценографиялық жұмыстары әркез таңдай қақтырады. Франко Скуарчапино (Италия) ұсақ-түйегіне дейін зерттеп, нәтижесінде түпнұсқаға парапар етіп тіккен сахналық костюмдер, ұлттық мұражайлардағы қазыналарымыздан кем түспейді.
«Астана Опера» солисттері жаңа маусымдағы көрерменмен алғашқы кездесуін асыға күтеді. Бас партияға дайындалып жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанат Шыбықпаев, Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Айдар – Қазақстан мен Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Сырттан –Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Әзім – Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Евгений Чайников, Қарлыгаш – Салтанат Мұратбекова, Көкпай – Талғат Ғалеев, Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Нұрлыбек Қоспармақов.
Қойылымға бас хормейстер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен «Астана Опера» хоры да қатысады.
Спектакльдің басталуы — 19:00, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11301
Пікір жоқ әзірше