#QazzaqDepression. Суицидші

Блог - patick: #QazzaqDepression. Суицидші
Өзіңе қол жұмсауға бір ғана себеп аз екен. Жаңалықтардан оқитын: «Ер жігіт сүйгені үшін өзіне қол жұмсады», «Оқу озаты ҰБТ-да аз балл жинап, асылып қалды», тағысын-тағылар… Бұл жай ғана полицияның құрғақ есебін басшылыққа алған хабарлар ғана. Бірақ полиция психолог емес қой — өлген адамның ішкі жан-дүниесіне үңілмейді, қайғырғанда келіп басынан сипап ақыл айтпайды, мотивін тұспалдап айта салады.

Әне, төменде жиналып тұр. Полициясы бар, басқасы бар. Телефон ұстап қызық қуғандар да аз емес. «Жилстройсбербанк» маңайдағы ең биік ғимарат екен, әрі төмендегілерге де оның бойы тұтас көрінеді — көрініске кедергі болар ағаш та жоқ, жарнама-билборд та жоқ төңіректе. Несі бар, өлмекші болған екен — «ең болмаса танымал болып өлейін» дейді ғой баяғы, ішкі дауыс.

Себеп демекші, ондайлар көп. Әйтпесе Берік ондайға бара ма? Ешқашан бұлай болады деп ойламапты. Бәрі кредиттен басталды. Бірін жабу үшін екіншісін алатын. Сөйтіп жүріп қарызға батты да кетті. Миллиондап айлық алса да өтей алмас енді. Банктер түгілі, микрокредит ұйымдарының бәрі танып алған бұны. Әне, қалтасындағы телефонды «дызылдатып» алып бара жатыр. "Өлсең де маза бермес бұлар".

Бұл құпиясын білгеннен кейін сүйген қызы кетіп қалды. Үйленгелі жүр еді. Ата-анадан ұят болды, олар келін күтіп жүр еді. «Бижәкөш» деп еркелетіп те қоятын сыртынан. Неге Бижакөш, ақыры түсіне алмады. Қыздың аты — Гүлмайдан болатын. Әлде қариялар басқа біреумен шатастырып алды ма екен?

Бұның бәріне төзер ме еді, кім білген. Ағайынды Тайлановтармен танысу арқылы өз болашағына балта шапты. Олар пайызбен қарыз беретін. Қайтармаған адамдармен сыйласып тұрмайды, не көзіңді құртады, не солардың айтқандарын істеп өмір бойы ерікті құлға айналасың: өлтір десе өлтіресің, зорла десе зорлайсың, біреудің орнына түрмеге отыр десе — оған да көнесің. Қарызды кешіктіргеннен кейін бір аптадан соң Нексианы өртеп кетті. Бір жақсысы — өзінікі емес еді. Жаңадан ашылған такси қызметі берген болатын. Екінші аптаны күтуге шыдамы жетпеді. Енді ғимараттың төбесіне шығып алып тұрысы мынау.

Ойын әлдекімнің жүрген дыбысы бұзып жіберді. Көрді де полицияға біртүрлі іші жылып сала берді. Полиция психолог жіберіпті. Шерін тарқатып, өкіріп жылап алмаса бәлем. Өлуге деген құштарлығы да сейіле бастағандай ма?

Психолог жақындап келді де, темекі тұтатты. Берік те темекі шегіп кеткісі келді. Сұрайын деп аузын ашқаны сол — бір штугын ұсына қойды. Ойыңды айтқызбай біледі екен, нағыз маман! Үнсіздік бес минутқа созылды. Темекі де сол кезде таусылып еді.
— Неғып тұрсың? — деді психолог.
— Секіріп өлем, — деді бұл жыламсырап.
— Онда көп ойланбай секір! — деді де, шатырдың шетіндегі темір шарбақтан аттап өтіп, өзі төменге секіріп кетті.

Психолог емес екен.
Бөлісу:

8 пікір

Basic
Байғұс. Өлді ма енді не болды?
Rozatai
Кеше біреу фейсбукта жазып еді ғой «бұл елдің психологтарының өзіне психолог керек» деп. Не болды ал? Өлді де қалды бір неустойчивый, шалажансар психолог
patick
Психолог емес екен.
Basic
Психолог қатырып бірдеңе айтады дисіз бе. Секіріңіз!
asaubota
біздің қазақ суицидке де көп ойланады деп зарлайын ба? *lol*
Basic
Біздің қазақ данышпан халық қо. Əр сөзі тұнған пəлсапа деп, бір қадам жасаудың орнына жүз ойға батып, қайта қалқып шығып, отыра береді