Қазақстан бокс құрамасы көңіліңізден шықтыма?!

Блог - ZakenovDaniyar: Қазақстан бокс құрамасы көңіліңізден шықтыма?!

Міне Риодағы байрақты бәсеке көзді ашып жұмғанша өз мәресіне жетті. Енді ТОКИО-2020 жарысын асыға күтетініміз айдан анық. Ал, сұрағыма жауап берер болсам… Жеке өзімнің көңілімнен шықты… Неге дейсіздер ғой?! Ең алдымен бұл жігіттерге айтар алғысым шексіз, барын салды, өзім бокспен айналысатын болғандықтан, қандай қиын спорт түрі екенін тек рингте бокстатсып қана түсінуге болады. Сырт көзге оңай көрінеді әрине… Бұл жігіттерден маған ұнағаны, барлығы нағыз ерге тән мінез көрсете білді. Алтыннан медаль тағынбасада бұл жігіттер мен үшін нағыз жеңімпаздар. Қазақстанда бокс мықты дамығанын дәлелдеді. Өзімнің жазған соңғы постымда Қазақстан құрамасы бокстан төрт алтын алады деп пайымдаған болатынмын, өкінішке орай олай болмады. Осы олимпиададағы төрешілердің біздің боксшыларымызға жасаған қиянаттарын айтпай-ақ, өздеріңіз не болғанын білесіздер. Ал енді әр боксшымыздың РИО төрінде көрсеткен өнерлеріне жеке-жеке тоқтала кетсем…

49 келі- Біржан Жақыпов (ең тәжірибелі боксшымыз, екі олимпиададан жолын қытайлық Цзоу Шиминь кескен, ол кәсіби боксқа ауысқан болатын. Сол жаңалықты естіген кезде шын қуандым, енді Біржан ағамыз Риодан алтын әкеледі деп нық сеніммен айтқан болатынмын, бірақ амал не? Өзбек боксшысынан екінші айналымда таза жеңілді.

52 келі- Олжас Сәттібаев- бұл боксшымызда екінші айналымда Әзірбайжандық боксшыдан ұтылды «төрешілердің ойынша», ал мен олармен келіспеймін, Олжас ағамыз үш раунд бойы, бірінші нөмір болып істеді, жеңіске жеткісі келетінін көрсетті. Алар асуы алда деп ойлаймын.

56 келі- Қайрат Ералиев- өзінің техникасымен көрермен көзайымы болды десем артық болмас… Тіпті «аңыз адам» Мохамед Алимен салыстырды Қайрат ағамызды. Бірінші айналымда, мықты әзірбайжан боксшысын жеңген болатын, екінші айналымда тағы да өзбек боксшысы алдымызды орап кетті. Бұл жолы да төрешілермен келіспедім 1 мен 2 раундты Қазақстандық боксшы алды деп есептедім.

60 келі- Берік Әбдірахманов- бірінші айналымда америкалық жас боксшыдан жеңіліс тапты…

64 келі- Абылайхан Жүсіпов- (ең жас боксшымыз) өкінішке орай Абылайхан бірінші айналымда Ұлыбританиялық Пэт МакКормактан жеңіліс тапты, бұл жігіт бар өнерін көрсете алмады, жас қой қанша дегенмен, 19 жасында олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік. Абылайханның әр кезде жеңіске жетіп жүргеніне көз үйреніп қалғандықтан ба, шамалы өз-өзіме сене алмай тұрдым… Токиода өтетін олимпиадаға барын салатынына күмәнім жоқ. Өте еңбекқор боксшы.

69 келі- Данияр Елеусінов- Қазақстанның салмағы екенін тағы бір дәлелдеп, көптен күткен алтынды алып барша қазақ жұртшылығын қуантты. Бұл боксшымыздың өнеріне бар әлем болып таң қалды. Тіпті кәсіби рингте бірде-бір жеңіліс таппаған Флойд Мейвезердің өзі Данияр ағамызға тәнті болды.

75 келі- Жәнібек Әлімханұлы- не күтсемде осы боксшымыздан күткен едім, бірінші кездесуінде қалай бокстасты… Тамаша өнер көрсетті. Әлемнің мықты газеттеріне шықты, тек ширек финалда Ақтөбенің тумасы Әзірбайжандық Камран есімді боксшыдан жеңіліс тапты. Бұл жолы да АИБА төрешілерінің салғырттығынан… Өте өкінішті әрине…

81 келі- Әділбек Ниязымбетов- өте жақсы өнер көрсетті, алтынға татитын күміс медаль сыйлады еліне. Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Тек финалда кубалық Хулио Сезар Ла Крузға есе жіберді. Ер кезегі үшке дейін демекші Токиода бағың жансын деп тілейміз (әрине ол үшін ел ішілік жарыстарды ұту керек).

91 келі- Василий Левит- осы РИО олимпиадасындағы ең әділетсіз шешім деп ойлаймын… Финалға дейін барлық қарсыласын соққының астына алып, айқын жеңіп келген болатын, финалда да дәл солай бокстасты… Ресейлік боксшы Алексей Тищенко рингтің бесінші бұрышын іздеп кетті десем артық айтқаным емес, көзімізді бақырайтып тұрып бірінші орынды сыйға тартты. ВАСИЛИЙ- сен біз үшін жеңімпазсың…

+91 келі- Иван Дычко- Жартылай финалда Джозеф Джойстан жеңіліс тапты. Бұл боксшыныда алтын алады деп ойлап едім, бірақ олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Рақмет саған ВАНЯ!

Жеңісті күндеріміз көп болсын! Жаса Қазақстан!
Бөлісу:

7 пікір

asaubota
жалпы көңілім толмады. басында күткеніміздей тек Данияр ғана алтын алды. қалғандарына аса сенген де жоқпыз. алғашқы 1-2 айналымнан ұшып кетіп жатса, демек, құрама нашар болғаны. өзбектер мықты дайындықпен келген
ZakenovDaniyar
Құрамада таза жеңілген Берік Әбдірахманов, Абылайхан Жүсіпов пен Біржан Жақыпов, қалғандарына төрешілер әділеттілік таныта алмады, ал өзбектер расымен де өте мықты дайындықпен келген, төбелесіп жүріп бәрін жеңді…
asaubota
Левиттің жеңісін бүкіл әлем мойындады ғой. иә, ол жерде таза әділетсіздік болды. қалғандары өзбектер сияқты дәлелдеуі керек еді-ау?
ZakenovDaniyar
Не дерімді білмей отырмын аға… Иә дәлелдеу керек еді, сәттілік жетіспеді жігіттерімізге, әйтпесе дайындықтары өте мықты болған, өзбектердің барлық салмақтағы боксшыларының өнерін тамашаладым шыны керек өзбектерге төрешілердің бүйрегі бұрып тұрғанын байқадым…
MickThatsMyNick
Елеусіновтің, Левиттің, Ниязымбетовтің, Сәттібайдың бокстарына көңілім толды. Бірақ төрешілердің бүйрегі сырт көзге пысық көрінгендерге ғана бұрып тұрды, сатылып кеткендері қаншама?!
ZakenovDaniyar
Ал мен барлығына риза болдым, жоғарыда атап өткендей, тез шаршағандары болмаса… Бірақ бұл олқылықты жояды деп сенемін. Әрине, бокс тең дәрежеде өтіп жатса, кім белсенді соған жеңісті беретіні бұрыннан белгілі.