Елордалық оқушылар мектептерде ғылыми және шығармашылық әлеуеттерін дамытады

Астана жаңалықтары: Елордалық оқушылар мектептерде ғылыми және шығармашылық әлеуеттерін дамытады
Елорда әкімі Әсет Исекешев Конгресс-Холлда өтіп жатқан Астана қаласы білім қызметкерлерінің «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбындағы тамыз кеңесінің пленарлық отырысын ашты.

Қала басшысы қазіргі кезде қабылданған 2019 жылға дейінгі «Елордалық білім» даму бағдарламасы смарт-қаланың мақсаттарына сай түзетіліп жатқанын мәлім етті. Ә. Исекешев ұстаздарды елордалық білім жүйесін дамытуды талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

Оның сөзіне қарағанда, әкімдік қаланы дамыту тұжырымдамасын әзірлеу үстінде, құжаттың басты мақсаты – елорданы өмір сүру үшін жайлы қалаға айналдыру. Демек, жер-жерлерде жаңа технологиялар енгізіледі және ақылды қала қалыптасады. Осыған орай, жоғары білікті кадрларға баса назар аударылады.

«Қазіргі кезде адам капиталын дамыту – ең басты мәселе; мемлекет басшысы айтқандай, бұл бәсекеге қабілетті ұлт құрудың негізі. Бізге идеяларды түрлендіріп, стартаптарды жүзеге асыратын кәсіпқойлар керек. Ал мұның негізі сапалы білімде жатыр. Бұл балабақшаларға да, мектептерге де, кәсіптік білім беру ұйымдарына да қатысты», — деді Ә. Исекешев. Қала басшысы балабақшалар, мектептер мен колледждер ақылды қаланың бір бөлігіне айналуға тиіс екендігін жеткізді.

Биыл елорда әкімдігі қалалық мектептерде ғылыми және шығармашылық әлеуетті дамытуға ниетті. Балалардың демалысын дұрыс ұйымдастыруға, шығармашылық үйірмелерді, спорттық секцияларды және қызығушылықтары бойынша факультатив сабақтарды кеңейтуге баса назар аударылады. Биылдан бастап ғылым мен білім саласындағы үздік креативті жобалар ұсынған бірнеше мектеп оны жүзеге асыруға қажетті жабдықтармен және әдістемелермен қамтамасыз етіледі.

Ә. Исекешевтің айтуынша, барлық мектеп балаларға «қадамдық қол жетімділікті» және қызығушылығы бойынша сабақтарды «таңдау еркіндігін» қамтамасыз етуге міндетті. Бірінші кезекте, қаланың орталығынан алыс орналасқан мектептерде техникалық бағыттағы үйірмелер (немесе кабинеттер) ашу керек.

Бүгінгі таңда қаланың орталығынан алыс орналасқан 14 мектеп бар. Елорда әкімдігінің тапсырмасымен, осы мектептердің аумағында жабық спорт алаңдары жасалады. Бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында қалалық мектептерде оқу жылында балалар мен жасөспірімдер арасында әртүрлі спорт түрлері бойынша Астана қаласының Әкімі кубогына қалалық спартакиадалар өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, қала басшысы әкім грантымен марапаттау үшін «Блім берудің үздік инновациялық ұйымы» қосымша номинациясын бекітуді ұсынды.

Мұнымен қоса, әкім оқушылар арасында «Ғылымдағы дебют» ғылыми жобалар конкурсы өткізіліп, жеңімпаздарға әкім гранты табысталатын мәлім етті. Қатысушылар өз жобаларында сәулет пен құрылыс, бағдарламалау, робототехника салаларындағы жаңалықтарды көрсетуге тиіс, сондай-ақ, конкурсқа биологиялық, географиялық және техникалық салалардағы жобалар қатыса алады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11186
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше