«Арай» саябағында тамақ пен сән фестивалі өтеді

Астана жаңалықтары: «Арай» саябағында тамақ пен сән фестивалі өтеді

Тамыздың 27-сі мен 28-і күндері «Арай» саябағында сағат 12-ден кешкі 20-ға дейін Astana food and fashion festival атты тамақ пен сән шарасы өтеді. Фестиваль ҚР Конституция күніне орайластырылып отыр. Келушілер ерекше ас мәзіріндегі тағамдардан дәм татып, қаладағы үздік дәмханалар мен мейрамханалардың қызықты ұсыныстарымен танысады. Сонымен қатар, фестиваль қонақтары отандық дизайнерлердің жаңа коллекцияларын, қолдан жасалған өнер туындыларын, аксессуарлар мен қазіргі заманғы қазақстандық суретшілердің арт-жобаларын тамашалайды.

Саябақ аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Дәстүрлі «Шатыр», «Жерұйық» және «Көк базар» секцияларынан басқа, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мейрамханалар мен дәмханаларға, қазақстандық кәсіпкерлер мен ШОБ өкілдеріне ақпараттық-таныстыру секторын ұсынады. Ал Pop Up Shop Astana аймағында дизайнерлік киім, әшекейлер, интерьер заттары мен көркемсурет галереясы жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Елордалық жетекші аспазшылар дұрыс тамақтану бойынша шеберлік сыныптарын, сайыстар өткізіп, дәрістер оқиды.

Айта кетейік, шараға Астана қаласының Recommended by EXPO-2017 серіктестері де қатысады.

Шара барысында бүкіл отбасыға арналған жәрмеңке өткізіліп, кроссфитке арналған ашық алаң жасалады. Балалар батуттарда секіріп, аквагрим, көркемдік пленэрлер, қолөнер студияларына, түрлі ойындарға қатысып, көңіл көтереді. Саябақтағы «Кинотеатр» секторында заманауи фильмдер көрсетіледі, ал «Чиллаут» аймағында қонақтарға ыстық кофе ұсынылады.

Astana food and fashion festival шарасы қазақстандық өнімдерді, брэндтер мен маркаларды дамытуға, отбасылар үшін қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға, халықты салауатты өмір салтын ұстануға тартуға, сондай-ақ, қала тұрғындарын аспаздық пен сән әлеміндегі жаңалықтармен таныстыруға бағытталған. Биыл мерекелік шараға 10 мың адам келеді деп күтілуде.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11154
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше