Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – елорда әкімдігі қызметінің басым бағыты
Елорда әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары үшін бизнес өкілдерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі жаңа талаптар белгіленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев тиісті тапсырма берді. Отырысқа қала әкімдігінің барлық құрылымдық бөлімшелерінің, ведомствоға қарасты ұйымдар мен ведомстволардың басшылары қатысты.
Елорда әкімі басқармалардың басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүзеге асыруға немқұрайлы қарайтынын атап өтіп, осы бағытта пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
Ә. Исекешев әкімшілік тосқауылдарды қысқарту бойынша жұмыстарды жалғастыруды және әкімдікте көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтердің айқындылығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, талдау жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, қала басшысы жер учаскелерін беру және құрылыс барысында тендерлер өткізу және орындалған жұмыстар актілеріне қол қою кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
Елорда әкімдігі мен ведомствоға қарасты құрылымдардың ғимараттарының бірінші қабаттарында бейнебақылау камераларымен және дыбыс жазатын құралдармен жабдықталған кәсіпкерлермен кездесулер өткізу үшін арнайы орынжайлар ұйымдастырылады. Кездесулер комиссиялардың қатысуымен өтеді, бұл басшылардың кәсіпкерлермен жеке байланысқа шығуына жол бермейді. Әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына құжатқа қол қою үшін кәсіпкерлік субъектілерін өз кабинеттерінде қабылдауға тыйым салынды. Сондай-ақ, жұмыстан тыс уақытта тендер жеңімпаздарымен кездесуге тыйым салынды.
«Қоғамның мемлекеттік қызметшілерге қойған моральдық-адамгершілік талаптары жоғары», — деді Ә. Исекешев.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта жалпыға белгіленген моральдық-этикалық нормаларды ұстануы керек, қоғамға қарсы жүріс-тұрыс жағдайларына жол берілмеуі керек. Қала басшысы мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексіне сәйкес тәртіп стандарттарын сақтауға баса назар аударып, қызметтік көліктерді жұмыстан тыс уақытта және жеке мақсатта пайдаланудың заңға қайшы әрекет екендігін де еске салды.
Астана әкімі «Астана Су Арнасы» МКК, «Коммуналдық меншік қоры» МКК, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК, «Астанаэнергосервис» АҚ, «Астанатеплотранзит» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ және т.б. кәсіпорындардың басшыларына да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзу фактілері тіркелген жағдайда, бірінші басшылар өздері жетекшілік ететін мемлекеттік орган үшін жеке жауап беретін болады, — деді әкім.
«Анықталған кез келген жағдай қоғам алдында тұтастай әкімдіктің беделін түсіріп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін жоғалтады. Сондықтан осы шаралардың бәрі лауазымды тұлғалардың да, жалпы, мемлекеттік органның да қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету үшін қажет»,- деді Ә. Исекешев.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11115
Пікір жоқ әзірше