Астана қонақтарына тегін жаяу экскурсиялар өткізіледі
Елордада тегін жаяу экскурсиялар жобасы қарқынды дамып келеді, туристер аудиогидтің көмегімен қаланың басты көрікті орындары туралы толық ақпарат ала алады. «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына қарсы және «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда арнайы шатырлар орнатылды.
– Идея Нұржол желегін, оның жанындағы көрікті жерлерді барынша кеңінен танымал етуге негізделген, қала қонақтары мен шетелдіктер кепілге аздап ақша қалдырып, аудиогидпен желекті аралайды, жаңалықтармен танысады, – дейді «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директорының орынбасары Амантай Әбілов.
Аудиогид пен жолсілтемені сағат таңғы 10-нан кешкі 22-ге (онға) дейін кепілге 5 мың теңге қалдырып, алуға болады. Жабдықтарды тапсырған соң ақшаны қайтарып аласыз. Жаяу экскурсиялар кезінде «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, Ғашықтар саябағы, «Қазмедиа орталығы» ғимараты және басқа да нысандар туралы ақпарат төрт тілде: қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылады.
– Алдағы уақытта аудиогидті прокатқа беретін тағы да 3 орын ашуды жоспарлап отырмыз. Мысалы, орталық саябақта, жағалауда, атаулы көшелерде шатырлар орнатылады. Тілдер саны көбейеді, – деді Амантай Әбілов.
Аталған жоба 20 маусымда іске қосылды, осы күнге дейін 100-ге жуық адамға қызмет көрсетілді. Тегін экскурсиялар шетелдіктердің де, басқа қалалардан келген қазақстандықтардың да арасында кеңінен қолданыс тапты.
Айта кетейік, елорданы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындау, туристік тартымдылықты жақсарту аясында үш экскурсиялық автобус қатынайды. Қазіргі кезде қала бойынша жаяу жүргіншілерге бағыт-бағдарды анықтауға мүмкіндік беретін үш тілде 100 жуық пилон мен 140 жол көрсеткіш орнату жұмыстары басталды.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11103
Пікір жоқ әзірше