Астанада көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті

Астана жаңалықтары: Астанада көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті
Елорда әкімдігінің ғимаратында Астана қаласының қоғамдық кеңесі елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша тыңдау өткізді. Қоғамдық көлік жүйесін, электронды жолақы төлеу жүйесі (ЭЖТЖ), қалалық такси, ақылы тұрақтар енгізу, сондай-ақ, көше-жол желісін ұйымдастыру, соның ішінде біржақты көлік қозғалысын енгізуге қатысты мәселелер қоғам талқылауына ұсынылды.

Кеңес барысында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов, қалалық Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұлов және «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасы Талғат Ардан сөз сөйледі.

Сергей Хорошунның атап өтуінше, бүгінгі таңда Астанада жыл сайын көлік құралдарының саны 10% артады. Қазіргі кезде елордада 1 миллионнан астам адам тұрады, 340 мыңнан артық көлік құралы тіркелген, яғни, қаланың 1000 тұрғынына шаққанда 340 автомобильден келеді. Салыстырып көрейік, Лондонда 1000 тұрғынға шаққанда — 320, Бакуде — 330, Берлинде — 360, Мәскеуде — 380, Варшавада — 580 және Лос-Анджелесте – 600 көліктен келеді. Көлік санының артуы қаланың көлік жүйесіне теріс әсерін тигізеді. Бұл мәселеге барлық мегаполистер тап болады.

Осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеу үшін өткен жылы елорда әкімдігі Typsa, PriceWaterhouseCoopers, Systra, UITP сынды халықаралық кеңесшілерді тарта отырып, көлік жүйесі мен инфрақұрылымы, көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту, балама көлік құралдарын дамыту бағыттары бойынша көлік кешеніне толық талдау жасады.

Қоғамдық көлікті дамыту, жол қозғалысын ұйымдастыру, көше-жол желісін салу мен қалпына келтіру бағыттары бойынша барлық ұсыныстарды ескере келе, 20 іс-шарадан тұратын Астананың көлік саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленді.

Қала әкімінің бірінші орынбасарының атап өтуінше, барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, нақты нәтижелер де бар. Қабылданған шаралардың міндеті қоғамдық көлікпен жүретін адамдар санын 33-тен 45%-ға дейін арттыру және көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін 37,5 мыңнан 43 мың кқ/сағ дейін ұлғайту болып табылады.

Тыңдау барысында елорда әкімдігі Астана қаласының көлік кешенін дамыту тұжырымдамасын қыркүйек айында талқылауға шығаратыны мәлім болды. Бұл қаланың көлік саласын дамыту стратегиясын, саясатын, сондай-ақ барлық аспектілер қарастырылған алғашқы құжат.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11069
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше