Астанада «Қауіпсіз жол» акциясы өткізіліп жатыр
Жергілікті полиция қызметі мен Астана қаласының Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті жақсартуға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған бірқатар рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізеді.
Рейдтер барысында көлікті алкогольдік немесе есiрткiлік мас күйде басқару, қарсы қозғалыс жолына шығу, жаяу жүргіншілер өткелінен өту, қауіпсіздік белбеуін тақпау, сондай-ақ, жол жүру кезінде ұялы телефонмен сөйлесу сияқты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайларын анықтау және жолын кесу жоспарланған. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін сақтауына баса назар аударылатын болады.
Жедел алдын алу шарасы барысында жол үстіндегі тәртіпті қадағалауға Жергілікті полиция қызметі мен Астана қаласының ІІД әкімшілік полициясы аппараты қызметкерлері тартылып, патрульдік нарядтар саны ұлғайталады.
«Қауіпсіз жол» акциясы 27 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада жол-патрульдік полициямен 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайы тіркелген, соның ішінде жүргізушілер 70 мыңнан артық бұзушылыққа жол берген. Сондай-ақ, жеті мыңға жуық жаяу жүргінші жолдан қауіпсіз өту ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11051
Пікір жоқ әзірше