Әсет Исекешев пен Қуандық Бишімбаев елорданың бірқатар сауда нысандарын аралады
Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен елорда басшысы Әсет Исекешев бірқатар ірі сауда нысандарын аралады. Азық-түлік нарығында баға қалыптастыру мәселесі қала әкімінің жеке бақылауында.
Қуандық Бишімбаев пен Әсет Исекешев «Шанхай» және «Шарын» базарларында, «Шапағат» коммуналдық базарында және «Магнум» сауда орталығында болды.
Сапар барысында қала басшысы әлеуметтік маңызды өнімдердің бағасын ұстап қалу мәселесі ұдайы елорда әкімдігінің назарында болатынын атап өтті.
– Барлық базарлардағы бағаларға тұрақты мониторинг жүргізетін боламыз, сондай-ақ қала аумағында күн сайын жәрмеңкелер өткізіледі. Азық-түліктер көліктерден сатылады. Көкөніс, жеміс-жидектер, жармалар және т.б. сату үшін көліктерге күнде «жасыл дәліз» ашылады. Қант, нан, ұнға келсек, бұл мәселе монополияға қарсы қызметпен бірге зерттеледі, оны бақылауға аламыз, — деді Әсет Исекешев.
Қала басшысының айтуынша, Қазақстанның өңірлерімен ауыл шаруашылық өнімдерін елордаға жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Бағаларды ұстап қалу бойынша қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелері жақын күндері белгілі болады, — дейді Ә. Исекешев.
ҚР ҰЭМ Қуандық Бишімбаев өз базарларымызды қамтамасыз ету керек екендігін атап өтті, ол үшін өндірушілер мен көтерме дайындаушыларды тартып, олармен қарым-қатынастарды реттеу керек, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге жол ашады.
— Үкіметте нарықты реттеуге мүмкіндік беретін шекті бағалар тетіктері бар. Ол үшін бағаның шегін белгілеу керек, ал жергілікті органдар бөлшек және көтерме сауда базарларында оны қамтамасыз етуге тиіс, — деді министр.
Еске салайық, кеше елорда әкімдігінде өткен кеңесте қала басшысы әлеуметтік маңызды тауарлардың, соның ішінде нан, жарма және қанттың бағасын ұстап қалуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Аталған мәселе бойынша қабылданған шараларды үйлестіру үшін елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің жетекшілігімен жедел штаб құрылды.
Пікір жоқ әзірше