Елорданың денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келеді
Қазіргі кезде Астанада ведомствоға қарасты қалалық деңгейдегі 36 медициналық ұйым жұмыс істеп жатыр. Жалпы, 9424 маман, соның ішінде 3202 дәрігер және орта медицина қызметкерлері астаналықтарға әрқашан да көмек көрсетуге дайын.
Сонымен қатар, 36 мекеменің 22-сі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Бұдан басқа, 14 стационар бар, оның төртеуі көп бейінді, екеуі жұқпалы ауруларды емдеуге арналған, үшеуі перинаталды орталық, 4 мамандандырылған мекеме (Туберкулезге қарсы диспансер, Онкологиялық орталық, Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы, Психикалық денсаулық проблемаларының медициналық орталығы) және 9 басқа да медициналық ұйым.
– Ересектер арасында қан айналымы жүйесі аурулары, эндокриндік және онкологиялық аурулар жиі кездеседі. Ал балалар тыныс алу органдарының, жүйке жүйесі және қан, қан түзуші жүйе дерттеріне көп шалдығады, – дейді елордалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов.
Оның айтуынша, медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру үшін біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары ұйымдастырылады. Жыл сайын 4 мыңға жуық медицина қызметкері оқытылады.
– Соңғы екі жылда тірі донордан бауыр ауыстырып салу бойынша 17 ота жасалды. Қазіргі заманғы эндобейнехирургиялық әдістерді енгізу жалғасады. Сонымен қатар, Францияның Густав Русси онкология институтымен ынтымақтастық орнату туралы меморандум аясында химиялық препараттарды орталықтан араластыру әдістемесі қолданылады, – деді ведомство басшысы.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11025
Пікір жоқ әзірше