#QazzaqDepression. Сыйлық

Джоэл Эдгертонның «The Gift» фильмінен шабыт алдым.
Автор.


Блог - patick: #QazzaqDepression. Сыйлық
Мейрамовтар отбасының жаңа үйге көшіп келгеніне көп бола қойған жоқ. Алғашқыда үйренісіп кету қиын болатын шығар деп қобалжығандары рас. Жаңа қала, жаңа мекен. Бірақ бұлардың жаңа ортаға бейімделу кезеңін күтпеген таныстық жеңілдете түсті. Дүкеннен жиһаз қарап жүр еді екеуі.
— Бәуке! — деген әлдекімнің дауысына алдымен күйеуі, сосын әйелі де жалт қарасты.
— Бәуке, қалайсың? Неғып жүрсің? Танымадың ба, мен сыныптасың Мұратпын ғой.
Күйеуі де есіне түсіре бастады:
— А-а-а, иә-иә! Мұрат, не істеп жүрсің бұл қалада? Танысымды кездестіремін деп ойламаппын!

Күтпеген кездесу бір-бірін қонаққа шақырумен аяқталды. Бір-бірінен байланыс үзбеуге уәде берісіп тарқасты.

Бірде Сәуле жұмыстан ерте келіп еді, есік алдынан шағын қорапшаны көрді. Сырты жылтыр, лентамен ортадан әдемілеп байланған шағын сыйлық. Бастапқыда абдырап қалды, тек қасындағы қағазды оқыған соң түсінді. Өткендегі Мұрат екен. Жандарынан өтіп бара жатып, сәлем беріп шықпақшы болыпты, алайда үйде ешкім болмаған. Жаңа баспанаға құтты болсын айтып, сувинир қалдырып кетіпті. Сәуленің іші жылып қалды. «Жақсы адам екен» деп түйді ол.

Әлбетте, бұндай лебізден кейін оны қонаққа шақырмау ұят болар еді. Сенбіге шақырылған кешкі асқа Мұрат та күттірмей келе қалды. Сыйлығы бар тағы. Дәл өткендегідей қызыл түсті жылтыр қорап, тек сопақтау. Бір шөлмек қызыл шарап екен. Жаңа достың мырзалығына риза болысты екеуі.

Арада бір апта өткен соң есік алдынан тағы бір сыйлық табылды. Тағы да Мұрат келіп кетіпті. Үлкен қораптан теледидар шықты. «Сендерге керегірек деп шештім, өзім үйде көп болмаймын. Үйде теледидар қарайтын ешкім жоқ. Ренжітсем кешіре гөріңдер, Мұрат» делінген қалдырылған қағазда. Сыйлық қымбат болғанымен Бәуке мен Сәулені ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны рас. Ақкөңілділігі шығар деп сыйлықты қабылдауға мәжбүр болды.

Уақыт өте келе Мұраттың өзі де "ұсталды". Сол күні Бәуке жұмысқа бармай қалып еді. Аулада әлдекімнің дауысы шықты. Ауланың қақпасын ашып жатқан жерінен Мұраттың үстінен түсті. Жеткізу қызметі арқылы үйге тағы бір үлкен қорап кіргізіп жатыр. Дәу тоңазытқыш болып шықты. Қызыл қаптамасын кигізіп үлгермепті әлі. Екеуі сөзге келіп қалды. Бірақ ең қатты ренжігені Мұрат болды. «Жаңа дос таптым ғой деп қуанып, сендердің қым-қуыт тірліктеріңе қуаныш сыйлау ғана еді ойым. Достарыма сыйлық сыйлағанның несі бар?», — деп кейіді ол сонда. Тіпті Бәуке тым артық кеттім бе деп те өкінді.

«Тағы да келем», — деді Мұрат бұрылмастан. Бәукеңе әлбетте бұл ұнаған жоқ. Мұраттың есі дұрыс екеніне күмән келтіре бастауы да осы сәттен басталып еді. Учаскелік полицейді де ескертіп қоюды шешті.

***

Демалыс күн болған соң ұйқы қандырып, асықпай тұрды екеуі. Терезеден түскен қара көлеңке жарыққа қарап, күн бұлтты деп шешті. Есік алдына шығып, таза ауа жұтып қайтайын деп Бәуке есік ашпақ болды. Бірақ, есік сыртқа ашылмайды. Сосын терезеге жақындап, пердені түрді. О, тоба, дала көрінбейді. Басқа терезелерді де қарап шықты. Түгелімен жабық. Біреу сыртынан тас қылып бітеп тастаған. Дереу телефонды алып, полицияға хабарласты. Біраз уақыттан кейін келген полицей де ештеңе түсіне алмады. Үй жоқ. Оның орнында көлемі үймен бірдей, қызыл түсті алып қорап тұр. Сыртында «Сыйлық» деген жазу бар.
Бөлісу:

1 пікір

asaubota
ертеңіне Жерді де сары, жылтырақ қағазбен орап қойса :)