Елордада жәрмеңкелерде 600 тоннадан астам өнім сатылды

Астана жаңалықтары: Елордада жәрмеңкелерде 600 тоннадан астам өнім сатылды

Апта сайын жұмадан жексенбіге дейін елордада Астана қаласының, Ақмола және Қарағанды облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өтеді.

Осы аптада 36-шы жәрмеңке ұйымдастырылады. Осы күнге дейін 670 тоннаға жуық өнім сатылды, оның бағасы базардағыдан 10-15% арзан.

Жәрмеңке барысында бақылаушылар баға мониторингін жүргізеді. Бағалардың негізсіз көтерілуіне жол бермес үшін әрбір алаңда бақылаушы таразылар қойылады. Сатылатын тауарлардың, әсіресе ет өнімінің сапасына баса назар аударылады.

«Біздің тараптан өнімнің сапасын бақылау бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Күнде таңертең ет өнімдері арнайы тексеруден өткізіледі, қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік мақсатында ветеринарлық бақылаудан өткен етті ғана сатып алуларын сұраймыз», — дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

Оның айтуынша, қала әкімдігі тұрақты эпизоотикалық жағдайды сақтау үшін қажетті іс-шараларды қабылдап жатыр. Соның ішінде, қала маңындағы мал бақылауға алынды. «Рубеж» бекеттерінде тұрақты түрде рейдтер өткізіледі. Тұрғын үй алаптарын аралап, халық арасында мониторингтеу және түсіндіру жұмыстары, сырттан әкелінген жануарларды вакциналау жұмыстары қолға алынды. Сауда нысандары мен мал сою алаңдарында ет өнімдері ветеринарлық бақылауға алынып, зертханаларда міндетті түрде ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізіледі. Күмәнді өнім анықталған жағдайда, оны алу және жою шаралары қабылданады.

Елордалық билік қала тұрғындарына ет сатып алу кезінде тиісті сәйкестік сертификатын немесе сынақ хаттамасын талап етуге кеңес береді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10955
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше