Польша Елшісі поляк халқына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қазақстандықтарға алғысын білдірді

Елордада М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында Қазақстанға поляктардың жер аударылғанына 80 жыл толуына орай шара өтті. Бұл шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен және Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Астана қаласындағы «Polacy» қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырылды.

Астана жаңалықтары: Польша Елшісі поляк халқына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қазақстандықтарға алғысын білдірді

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, этномәдени бірлестік, ғылыми және зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

«Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту барысында біз сенімді түрде поляктардың Қазақстан халқымен біте қайнасып кеткенін айта аламыз, — деді Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынова.

Польша Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мачей Ланг қиын қыстау кезде барша ұлтқа қонақжайлылық танытқан елімізге ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан өз басынан өткерген ауыр кезеңдегі жағдайға қарамастан, жер аударылғандарға барынша қамқорлық көрсеткен. Кімнің тірі қалуы белгісіз кезеңдегі азапты тірлікте көмегін аямаған халқымызға жылы лебізін жеткізді.

«Сол кездегі сұрапыл уақытта қол созған қазақтардың іс-әрекетін ең жоғары адамгершіліктің белгісі ретінде бағалаймын. Бұл ақиқаттың куәгеріне айналған қайырымдылықты ешкім ұмытпайды. Әрқашан қазақтардың көрсеткен көмегін есімізде сақтап, оларға алғыс білдіруді абзал борышымыз деп білеміз», — деді ол.

Шараға қатысушылар арасында болған жер аударылғандар сол кездің ауыр зардаптарын әңгімелеп берді. Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан жер аударылғандарға жасалған үлкен көмекті жылы ілтипатпен айтты.

Кеш барысында көпшілік назарына елордалық мәдени бірлестіктердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының фойесінде тақырыптық көрме өткізілді.

Еске сала кетейік, 1936 жылғы 28 сәуірде «Украинадан қоныс аударушылар туралы» КСРО ҰКО қаулысы қабылданған болатын. Құжатқа сәйкес, Украинада тұратын поляктар Қазақстанға көшірілді.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше