Абай, Кенесары және Янушкевич көшелерінде біржақты көлік қозғалысы енгізілді

Маусымның 11 күнінен бастап елорданың көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында үш көшеде біржақты көлік қозғалысы енгізілді: Абай даңғылы (Сарыарқа даңғылынан Пушкин көшесіне дейін), Кенесары көшесі (Пушкин көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін) және Янушкевич көшесі (Абай даңғылынан Иманов көшесіне дейін). Біржақты көлік қозғалысы енгізілген көшелердің жалпы ұзындығы – 9,6 км.

Астана жаңалықтары: Абай, Кенесары және Янушкевич көшелерінде біржақты көлік қозғалысы енгізілді

Бастапқы кезеңде жол полициясының қызметкерлері біржақты қозғалыс енгізілген көшелерде жүргізушілерді жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпайтын болады. Бірақ апатты жағдайларды болдырмау үшін Әкімшілік полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің өкілдері он күн бойы біржақты көлік қозғалысы енгізілген көшелермен жүру ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал 20 маусымнан бастап тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Айыппұл мөлшері – 5 АЕК.

Еске салайық, 28 мамырда Әуезов көшесінде (Республика даңғылынан Молдағұлова көшесіне дейін) және Желтоқсан көшесінде (Мәскеу көшесінен Кенесары көшесіне дейін) біржақты көлік қозғалысы енгізілген болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, жол желісіне түсетін жүктемені азайту есебінен көлік ағынының жылдамдығы аталған көшелерде 30% ұлғайған, қиылыстарда тұрып қалу уақыты 78-ден 40 секундқа дейін төмендеді, көлік құралдарының қозғалыс қарқыны 20% өсті.

Ескерту. 11-13 маусымда Қонаев көшесінен Достық көшесіне дейінгі жол бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты Орынбор көшесі толығымен жабылады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше