Елордалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр
Бүгін Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтуде.
«Жастар» сарайының алдындағы алаңда кішкентай елордалықтар үшін түрлі конкурстар мен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. «Жастар» сарайындағы үйірмелер мен секциялардың тәрбиеленушілері сахнада өздерінің спорттық және музыкалық таланттарын паш етті. Сонымен қатар, қаланың басқа да мекемелерінен де балалар шақырылды.
Концертті ересектер де тамашалады. Елорда тұрғыны Дирия Аманбаева – зейнеткер, ол бүгінгі мерекеге немересімен бірге келген екен.
– Бүгін атаулы күн – немерем Ақмаржанның алғашқы Балаларды қорғау күні мерекесі. Ол бір жасқа толды, бұл ол үшін жаңа нәрсе, балалар көп, өте қуанышты. Менің жеті немерем бар, бәрі де талантты: бірі әнші, бірі биші. Балаларға қарап тұрып, болашақта немерем немен шұғылданады екен деп ойланып қалдым. Нақты айта алмаймын, бірақ меніңше, әнші болатын сияқты, — дейді Дирия Аманбаева.
Shami-NS білім беру және спорт орталығы шәкірттерінің өнері мереке қонақтарын тәнті етті. Олар каратэден өз машықтарын ортаға салды.
– Менің ұлым Никита 11 жаста. Ол 2015 жылдың тамыз айынан бастап жаттығады, осы уақыттың ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Оның каратэге бар деп ешкім де мәжбүрлеген жоқ. Ол осы спорт түрін ұнатады, қазір көк белбеуі бар, қалалық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинайды, – дейді қала тұрғыны Дмитрий Горбачев.
Мерекелік бағдарлама қанық болды, балалар концерт те тамашалады, интерактивті конкурстарға да қатысты.
– Бүгінгі концерттік бағдарламаға сарайдағы үйірмелерге келіп жүрген балалардан басқа, Астана қаласындағы вокалдық студиялардан, білім беру және спорт орталықтарынан, шығармаылық ұжымдардан да балалар атсалысуда. Қазіргі кезде «Жастар» сарайында 7 үйірме жұмыс істейді. Бүгін концерттік бағдарламадан басқа, көпшілікпен интерактив, асфальтқа сурет салудан конкурс өтеді, – деді «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников.
Еске салайық, «Жастар» сарайы Балаларды қорғау күні қарсаңында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік шара ұйымдастырған болатын. 30 мамырда Есіл балалар үйінің тәрбиеленушілері және мүмкіндігі шектеулі 12 бала орталық парктегі аттракциондарға барды.
Бүгін қала бойынша концерттер мен ойын*сауық бағдарламалары ұйымдастырылып жатыр. Қаржы министрлігінің алдындағы алаңда кішкентай елордалықтар үшін қызықты ойындар, асфальтқа сурет салудан «Граффити» конкурсы мен флешмоб өткізілді.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10661
1 пікір