АЭФ: Қазақстан инклюзивті жаһандану жолын таңдайды
Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Отырыс барысында жаһандық экономиканы дамыту жолдары және жаһанданудың жаңа деңгейіне көшу мәселелері талқыланды. Пленарлық отырыстың модераторы The Independent бас экономикалық шолушысы Хэмиш Макрей болды, ол Қазақстанның тұрақтылығы тұтастай Орталық Азия аймағының тұрақтылығының негізі болып табылатынын атап өтті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев АЭФ-тың түрлі мәселелер талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары қаралатын маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Форумның тұрақты қонақтары– халықаралық ұйымдардың өкілдері. Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуға, әл-ауқаттылық пен аймақтарды, сондай-ақ, тұтастай әлемді дамытуды қамтамасыз етуге қатысты конструктивті идеялар мен көзқарастарды талқылауға әрқашан да дайын екендігін жеткізді.
Биылғы отырыста жаңа экономикалық шынайылық тақырыбы сөз болды. Жаһандану табиғи процесс. Бүгінгі таңда баршаны әлемдік экономиканың жағдайы, не істеу керек және қай жолды таңдау керек деген мәселелер алаңдатады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде орын алған жағдайды шешу жолдарын ұсынды.
— Қазіргі заманда айналада тұрақсыздық, соғыс пен құлдырау орын алғанда мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бізге инклюзивті жаһандану жолын таңдау қажет, онда экономикалық өсім әрбір елдің дамуы мен халқының әл-ауқатын арттыруға тиімді трансформацияланады. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана орнықты болады, біз соған ұмтылуға тиіспіз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы «жасыл» экономиканы дамытудың жол картасын әзірлеуді және Париж келісімінің негізінде табиғи ресурстарды рационалды пайдалануды ұсынды. Жол картасында атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін азайту, сондай-ақ, жерді, оның құнарлығын, тұщы сулар мен биоортаны сақтау қарастырылуы керек. Себебі, көптеген дамушы мемлекеттерде нақ осы мәселелер ең маңызды болып табылады.
— Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасырдың ішінде біз бұрын болмаған мемлекеттен орташа кіріс деңгейі бар, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 еліне кіретін мемлекетке айналдық. Осы уақыттың ішінде артта қалған экономикалық жүйеден ашық нарықтық экономикаға өттік,- деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведу, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы, Колумбия университеті Жер институтының директоры Джеффри Сака және Кембридж университетінің профессоры Ха-Джун Чанг баяндама жасады. Мұнымен қоса, Халықаралық валюта қорының директоры-басқарушысы Кристин Лагард бейне-жолдау арқылы сөз сөйледі.
Отырысқа қатысушылар Мемлекет басшысының идеяларын қолдап, Астана экономикалық форумының жаһандық экономикалық мәселелерді шешуде аса маңызды екендігін атап өтті.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10622
Пікір жоқ әзірше