Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

Елордада түнде музейлерге кіру тегін болды. Келушілер экспонаттармен танысып, қазақстандық жұлдыздардың композицияларын тыңдады, сиқыршылар мен иллюзионистердің өнерін, театрландырылған қойылымдар тамашалады. «Музейдегі түн» акциясына мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары қатысты, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Акция барысында Ұлттық музей қонақтары үшін көне және қазіргі Қазақстан тарихы мен мәдениетін таныстыратын барлық залдарға тегін экскурсиялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Атап айтсақ, Майра Мұхамедқызы, Досымжан Таңатаров, Димаш Құдайберген, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Индира Расылхан секілді өнер иелері әннен шашу шашып, жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Астана жаңалықтары: Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

ҚР Ұлттық музейінде қонақтар үшін қызықты бағдарлама әзірленді. Келушілер назарына қолөнершілердің жәрмеңкесі, музей туралы кітап ұсынылды. Бұл түні он экспозициялық залдың бәрінде экскурсиялар өткізіліп, LED-экрандардан роликтер көрсетілді. Музейде зергерлік бұйымдар, фарфор, ат әбзелдері, қару-жарақтар коллекциясы мен кілемдер қойылған.
— ҚР Ұлттық музейі Халықаралық музейлер күніне алдын ала дайындалды. Мысалы, кеше балалар арасындағы «Музей әлеміне саяхат» сурет көрмесі ашылды. Аталған шара көркемсурет және графика үйірмесіне баратын балалар шығармашылығының жемісі болмақ. Бүгін музей ісіне арналған көрме ашылды — бұл музейлік экспонаттарды консервациялау, реставрациялау. Осындай мереке жылына бір рет өтеді, адамдар тұтастай отбасыларымен келіп, жаңалықтармен, тарихпен танысады, — дейді ҚР Ұлттық музейінің мәдени-білім беру жұмыстары қызметінің жетекшісі Жанар Бейісова.

Астана жаңалықтары: Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

Қала тұрғындары музейде отандық шоу-бизнес өкілдерінің өнерін тамашалады. Қонақтардың көбі музейге алғаш рет келген екен.

Ал, «Музейдегі түн-2016» акциясы ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жалпы музей саласы туралы айта келе, әлемнің әр елінде өтіп жатқан «Музейдегі түн» акциясына тоқталып өтті.
«Музейдегі түн» акциясының басты мақсаты – сақталып тұрған жәдігерлерді бұқараға мейлінше көбірек насихаттау. Сол арқылы мәдениет пен тарихтың өркендеуіне үлес қосу. Ал, Ұлттық музей аталмыш акцияны осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Өткен жылы бұл шараға астаналықтар мен қала қонақтарының ерекше қызығушылық танытқанын көрдік. 23 мыңнан астам адам қатысты. Биыл мерекелік бағдарламаға көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, барынша көрермендер көңілінен шығатындай жобалар ұсынып отырмыз. Сондықтан да музейде өткізген уақыттарыңыз мәнді, мағыналы әрі көңілді болады деген сенімдемін. Барлық музей қызметкерлерін, әріптестерді және музей меймандарын Халықаралық музей күнімен құттықтаймын», — деді Д.Мыңбай.

Келушілер «Атамекен» этномемориалдық кешенінде бір түнде барша республикамызды аралап өтті. Олар еліміздің өңірлерін толықтыра түскен жаңа макеттерді тамашалады.
— «Атамекен» Қазақстан картасы биыл 15-ші маусымын өткізеді. Ол өз жұмысын 1 мамырда бастады. Биыл жаңадан 30 астам макет жасалды, сондай-ақ көбі қайта жөнделді. Астана бойынша 20 артық макет жаңартылды, соның ішінде Министрліктер үйі, Қаржы министрлігі, қала әкімдігі, бұрынғы ҚР Парламенті ғимараты, «Отан Ана» және т.б., — деді «Атамекен» этномемориалдық кешеннің директоры Алма Алтыбаева.

Астана жаңалықтары: Астанада «Музейдегі түн» акциясына 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты

Музей экскурсоводтары мен шақырылған шығармашылық ұжымдар көрермендер үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Сонымен қатар, әдеттегідей лотерея билеттерінің ұтысы өткізілді.
Бөлісу:

1 пікір