Елордада оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды
ҚР Тұңғыш Президенті музейінде оқушылар арасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Байқауда «Күн сәулесі арқылы жарықтандыру құрылғысы» және «Ел экономикасының баламалы түрге – «Жасыл экономика» форматына ауқымды бетбұрысы» тақырыбындағы жобалармен Асхат Әбубәкіров пен Әсел Орынбекова көш бастады.
Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған шара «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қоғамдағы өзекті мәселелерді танып-білуге және жүзеге асыруға бағытталған оқушылардың ғылыми-зерттеушілік және оқу-танымдық қызығушылығын ынталандырады.
Биыл байқау екінші рет өткізілді, оған 36 жобамен 46 бала қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын қорғады. Байқау үш кезеңмен өткізілді. Бірінші тур қалалық мектептерде ұйымдастырылды, содан кейін жобалар сараптамадан өткізілді, ал үшінші кезеңде мектептер өзара жарысты.
Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері политехникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша анықталды. Ғылыми жобалардың басым бөлігі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоғары технологияларға арналған.
– Байқау оқушылардың Мемлекет басшысының идеяларымен таныс болу деңгейін, Қазақстан тарихын қаншалықты білетінін анықтауға мүмкіндік береді. Жобаларда Президенттің идеялары көрініс тапқан. Қазылар алқасы гуманитарлық бағыттағы еңбектердің ішінен «Мәңгілік Ел» идеясының дамуына, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігінің нығаюына ықпал ететін адами құндылықтардың дамуына бағытталған ғылыми жұмыстарға баса назарына аударды: «Жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ұлттық бірлік», «Жастарға арналған қазақстандық әлеуметтік желілер»,- деді «Астана Дарыны» ӨҒПО ғылыми-техникалық зертханасының меңгерушісі Гүлбақыт Буралкиева.
Байқау дарынды жас зерттеушілерді анықтауға және оларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, бұл елімізде дұрыс интеллектуалдық әлеует қалыптастыруға септігін тигізеді.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10530
Пікір жоқ әзірше