Бұрым хикаясы

Әлфия бір үйдегі төрт қыздың артынан ерген сүт кенже болатын.Ол ес біліп, етек жиғалы бері үйдегі бес әпкелі сіңлілілердің біреуі де шаш өсіріп көрген емес. Әлфияның жалғыз арманы, иықтан төгіліп тұратын қолаң шаш еді. Бірақ өкінішке орай бұл орындалмас арман ғана болып қалды.
Себебі, Әлфияның әкесі қыздарына шаш жіберуге қатаң тиым салып қойған.Бүгінде әкесі елуді еңсеріп, егде тартса да көру қабілеті әлі де нашарлай қойған жоқ. Әркез қыздары үйге келген бойда, ол ең алдымен бойжеткендердің шаштарына, содан кейін ғана жүздеріне зер салады.
Бір жолы үйге Әлфияның екі жыл бұрын шалғай жерге ұзатылып кеткен ең үлкен әпкесі қыдырып келді. Әлфия әпкесін көрген бетте таңданысын жасыра алмады. Өзі бұрынғыдан бетер сұлуланып кеткен бе қалай? Бойында әлдебір өзгеріс бар секілді. Анықтап қараса әпкесі шашын өсіріп, онысын қақ ортасынан жарып, қос өрім етіп өріп алыпты. Әпкесінің жотасында бұлғақтаған бір жұп қап қара жылтыр бұрымдарға Әлфияның қызыққаны соншалық, қайта қайта қолына алып ұстай берді. Осы кезде үйге әкесі де келіп қалды. Үлкен қызын көрген сәтте жүзі сұрланып кетті. Тіпті сәлемдеспей жатып, ол тұңғыш қызына түскі астан соң шашын кесіп тастауға бұйырды. Әпкесі үндеген жоқ. Түскі ас аяқталды, алайда оның шашын қиятын ойы да жоқ секілді. «Өзім әрең дегенде өсіріп алған шашыма қайшының ұшын да тигізбеймін, онсыз да бұл үйде көп тұрақтамаймын ғой, ертең ақ қайтып кетемін» деді.
Бірақ кешке таман күтпеген оқиға орын алды. Үлкен қызының әлі ұзын шашпен жүргенін көрген әкесі, қайшы әкеп бір ақ сәтте бұлғақтаған қос бұрымның тағдырын шешті. Қайшының қыршылдаған даусы естіліп, жып жылтыр шаштар жерге сусылдап түсіп жатты.
Сөйтіп білектей бұрымдардың иесі болған Әлфиянің әпкесі әп сәтте, қысқа шашты қуыршаққа ұқсап қалды.
Әкесінің ұзын шашқа деген өшпенділігін себебін Әлфия түсіне алмай қойды. Анасынан сұрап еді, ол да жарытып аузын ашқан жоқ.
Сол күні кеште Әлфияның шыдамы шегіне жетті. Әрі әкесінің қойған әділетсіз қатаң талабына ашуы келген ол, үйінен жүгіріп шығып, жақын дүңгіршектен бес алты тал шаш буғыш сатып алып келді. Содан басындағы енді өсіп келе жатқан қысқа шаштарын шашбуғышпен екі жерден буып алды да, қалғандарын білегіне тақты.
Кешке әкесі де жұмысынан қайтты. Әлфия жүгіріп астыңғы қабатқа түсті де оның алдына барып тұра қалды. Әкесі әдетінше қызын құшағына алмақ болып ұмтыла беріп, бір сәт кідіре қалды. Содан Әлфияның басындағы шашбуғыштарды көріп кері шегінді. Ашуланған әкесі оның шашындағы шашбуғыштарын күшпен тартып алды. Кішкене қызының қолындағы шашбуғыштарды көрген кезде ол тіпті ыза болды да Әлфияның қолынан қыса ұстап тұрып білегіндегі шашбуғыштарды жұлып алды. Шашбуғыштың біреуі өткір ұшты әшекеймен безендірілген болатын, онысы аңдаусызда Әлфияның білегін жырып өтті. Әлфия әкесінің оқыс қимылынан үрейленіп жылап жіберді.Дауысты естіген анасы кеп, қызын бөлмеге ертіп әкетті.
Әлфия әкесіне әбден ренжіді.Не үшін елдің бәрі, шаш өсіріп, күніне сан алуан шаш үлгісін жасап, сұлуланып жүрген кезде, бұл еркекшора секілді қысқа шашпен шолтаңдап жүру керек? Бірақ әкесінің суық көзқарасын көрген сәтте ол ләм дей алмады.
Айлар мен жылдар өз кезегімен жылжып өтіп жатты. Әлфия да бой түзеп, сәмбі талындай бұралған бойжеткен болды. Бір жолы ол қаладағы арнаулы фотостудияға барып, суретке түсті. Фотосуреттің әдемі шыққаны сондай фотограф оның бір данасын студиядағы кішкене көрмеге қойып қойды. Әлфияның қуанышына шек болған жоқ. Ол суретті қолына алып отбасылық фотоальбомға салып қоюға үйіне асықты.Үйге жеткен ол ең алдымен фотоальбомдарды алып шықты. Үш фотоальбомның екі кішкенесі әпкелерінің суретімен толып қалыпты. Тіпті сурет жабыстыратын орын да жоқ екен. Енді қалғаны ең үлкен фотоальбом. Бұл әкесінің фотоальбомы болатын. Негізінде оны ашуға ешкімнің қолы бармайтын. Азырақ ойланған Әлфия бар батылдығын бойына жинап, барқытпен қапталған дәу қара альбомды ашып ақтарыстыра бастады. Бұл суреттерді ол тұңғыш рет көруі екен. Әкесінің бала кезіндегі, оқушы кезіндегі, әскерде болған кезіндегі ақ қара суреттер альбомға қатар қатар жабыстырылыпты. Арасында тіпті әкесі мен шешесінің үйлену тойында түсірілген суреттер де бар екен. Соңына жете берген кезде кенеттен Әлфияның көзі бір суретке түсті. Суретте ай десе аузы, күн десе көзі бар белгісіз бойжеткен күлімсіреп тұр. Сұлу жүзінен нұр тарап тұрғандай. Қап қара жылтыраған ұзын шаштарын, қос бұрым етіп өріп біреуін алдына, енді біреуін артына жіберіп қойыпты.
Бұл кім болды екен? Анасы дейін десе, түрі сәл келіңкіремейтін секілді.Әлфия суретті алып дереу әпкелеріне барып сұрады. Олар да бұл суреттегі сұлудың кім екенінен бейхабар болып шықты. Бір білсе сол бірдеңе біледі ау деген үмітпен ол анасын іздеді. Біра анасы жауап берудің орнына салқын ғана: «Альбомды жинастырып орнына қой, ендігәрі оған жолама» деді. Әлфия бұл құпияның шешімін таба алмағанына қанша мұңайса да, әкесінің қаҺарынан жасқанып, фотоальбомды алған жеріне қайтып қойып қойды.
Бұл жұмбақтың шешуі көп ұзамай белгілі болды. Күндердің күнінде әкесі Әлфияны ертіп қала шетінде орналасқан кішкене қыстаққа келді. Ескі үйдің әлдеқашан сыры кеткен темір қақпасын қағып тұрған кезде Әлфия әкесінен: «Бұл кімнің үйі?» деп сұрады. « Әжеңнің үйі» деді әкесі жай ғана. «Әжемнің үйі? Әжем баяғыда ауырып қайтыс болып кетті деуші едің ғой?» деген сұраулар Әлфияның ойын қанша мазаласа да ол әкесінен сұрауға бата алмай,үнсіз тұрып қалды. Осы кезде есік ашылып екеуі ішке кірді. Бұларды самайын ақ шалған, өңі егде тартқан қарт ана қарсы алды. Бұны көре сала қарт кемпір «құлынымдап» бауырына басып, маңдайынан иіскеді. Әкесі де « Қане балам әже дей ғой енді, бұл да сенің әжең болады!» деді. Үйге кіре берісте Әлфия төрде ілініп тұрған суретті көзі шалды. Бұл өткен жолы альбомды аударып отырып көрген суреттің үлкейтілген түрі болатын. Сол ақ екен Әлфияның суретке деген қызығушылығы арта түсті. « Демек бұл суретке мына «әжемнің» де қатысы бар болды ғой? Әйтпесе неге іліп қояды? Бұл суреттегі қызды, танитын адам бар болса, сөзсіз осы «әжем» болу керек! Мен одан міндетті түрде бұл суреттің сырын сұрап білуім қажет!» деп ойлады ішінен. Ол енді осы жұмбақтың шешуін таппаққа бекінді. Әкесінің көзінше сұрауға батылсызданған Әлфия, оңтайлы сәтті күтіп отырды. Шәй ішіліп болып, дастарқан жиыла бергенде әкесі, темекісін тұтатып далаға шығып кетті. Осы мезгілді пайдаланған ол әжесінен: « Әже, ана төрде ілініп тұрған суреттегі кім?» деді. «Ее қарғам ай!» деді кейуана бір күрсініп алып. « Бұл суреттегі сенің туған әжең, менің үлкен әпкем. Жасында елге танымал сұлу да өнерлі қыз болатын. Атаң екеуі бас қосып, отау құрғандарына бірнеше жыл болған кезде соғыс басталып кетіп, атаңды соғысқа алып кетеді. Қолында төрт жасар баласымен қалған әжең, қай жұмыстан болсын бас тартпай, құлшына еңбек етіп, өмірдің ыстық суығын кешіп жүреді. Біраз уақыттан соң атаңнан келетін хаттар легі де сирей бастайды. Сөйтіп жүргенде әжеңе жасы егделеу тартқан, әйелі мерез ауруынан өліп кеткен, ауыл бастығы болып жүрген кәрі шал сөз салады. Күйеуінің аман есен оралатынына күмәнданып көрмеген әжең болса, оның сөзін керек қылмай, алдынан кесіп өте шығады. Сұлу да тәкаппар келіншекке ойы кеткен ауыл бастығы, оны қалай да қолға келтірудің амалын қарастырады. Сөйтіп бір күні ашуға булыққан ол «өз еркімен келмесе, күшпен ұстап әкеліңдер» деп, жендеттерін жібереді. Өзіне іздеу салынғанын естіген әжең, баласымен бірге қайда жасырынарын білмей, қорадағы үйіліп тұрған тезектің арасына тығылып кіреді. Кеш батқан шақта, бүкіл ауылдың үйлері мен қора қопсыларын толығымен тіміскілеп тексеріп шыққан жендеттер, енді әжеңнің үйін соңғы рет мұқият қарап шығуға бел буады.Бір кезде үш төрт адам қораға қарай бет алады. Жиналып тұрған тезекті әрі бері айналған олар, алакөлеңкеде ештеңе де көре алмай ақыры кетпекші болады. Есіктен енді шыға бергенде, ішінде көзі өткір біреуі, тезектің арасынан жылтырап тұрған қара бұрымға көзі түсіп, «Әне ол! Ұстаңдар» деп айғай салады. Осылайша әжеңді ауыл бастығының жендеттері ұстап әкетеді. Ал баласын, төркіндерінің қолына өткізеді. Бірақ өкінішке орай әжеңнің тағдыры бақытсыз болды. «Өлсем де қаусаған шалға әйел болмаймын!» деген әжең, екінші күні, ауыл шетіндегі өзенге суға кетіп өлді. Міне,әкеңнңің бұрымға деген өшпенділік сезімі осыдан қалған, шырағым!» деп аяқтады әңгімесін қарт кемпір. Бұл хикаяны ұйып тыңдаған, Әлфия әкесінің жүрегінде орын алған қайғысын енді түсінгендей болды.
Әлі күнге дейін Әлфия жібектей сусылдаған ұзын шашты арман етіп келеді. Бірақ әкесінің ескі жүрек жарасының бетін тырнап алуға қорқып, тек қысқа дөңгеленте қиылған қысқа шашына қанағат қылып жүр.
Бөлісу:

4 пікір

MERmukhanov
Мелек, Үрімшіден қайттың ба?
asaubota
осындай бос ырым, сенімдер не керек? :(
merekeee
Бүгінде әкесі елуді еңсеріп, егде тартса да көру қабілеті әлі де нашарлай қойған жоқ

Кішкентай балдардың: «Ой, ол жиырмадан асқан кемпір» дейтіні сияқты :)
bake
Тылда трагедиялар орын алды, шет жағасын естігенмін. Және 30-щы жылдардағы аштық кезіндегі келеңсіздіктер жалғасты. Аштық және соғыс арасы 7-9 жыл өтті. Бұл туралы жазғанға дәл қазір дәтім бармайды. Нағашым апам осының бәрін басынан өткізеді. Әйел жаны мықты-ау! Халық жауы атанған әкесі түрмеге қамалғанда 16 жастағы қыз оны іздеп қалаға келеді. Түбінде 6 баланы жеткізеді. Соғыс кезінде малдың оттығынан бала тауып алып бауырына басып алады. Соғыс кезінде комбайнер. Үйін бірнеше рет тоналады. Сонда үндемей өлгендей көзін тас жұмып жатады… Соғыс кезінде… Бұның бәрін қайдан білесің десеңдер… Апамның замандасы, құрбысы бар болған. Екеуі бір-біріне қонаққа барғанда немерелерінен оңаша қалғанда бір-біріне бастан өткендерін әңгімелейтін. Мен жасырын жүріп бір-екі әңгімелерін тыңдап алғанмын. Мысалы мына эпизод сіздерген таныс шығар: ауылға соғыстан жалғыз ерекек оралады. Екі көзден айырылған көрсоқыр. Оған көрші ауылдан ауылдың әйелдері жиылып қыз ұрлап оны әйел етеді. Ол кезде әңгіме мазмұндары маған ашылмаған еді… 3-4 жыл кешкілікті үзбей айтқан ертегісінде Қожалақ кейіпкері арқылы көрген өмірін жеткізіпті. Кейін ғой ертегі кейіпкерлері маған ашылып ондағы кейіпкер ішінде менің анамның балалық қылықтары барында білдім.