Жер кодексіндегі жаңалықтар қандай?
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін жерлерді нарықтық айналымға шығаруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды.
Жерлердің белсенді нарықтық айналымын ынталандыру және жер қорының экономикалық қайтарымын арттыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасының заңымен Жер кодексіне бірқатар өзгертулер енгізілді.
Бірінші. Мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдері ҚР жеке және заңды тұлғаларына аукциондар арқылы сату жолымен жекеменшік құқығына келесі ретпен берілетін болады:
Бірінші кезекте – жер телімінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыруды қарастыратын аукциондар арқылы.
Егер екі аукцион қорытындылары бойынша жер телімі сатылмаған жағдайда, ол жер телімінің бағасын кадастрлық құнынан белгіленген ең төменгі шекке дейін (кадастрлық құнының 50%-на дейін) төмендетуді қарастыратын аукционға қойылады.
Екінші. Бұған дейін жалға алынған жер телімдерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну.
Бұл норма қазіргі жер пайдаланушылардың мүдделерін ескеріп, оларға бұрын ұсынылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жалға алу мерзімінің соңына дейін, оның кадастрлық құнының 50%-ы көлемінде белгіленген жеңілдікпен, 10 жылға бөліп төлеу арқылы жекеменшігіне алу құқығын береді.
Сонымен қатар, егер олар өз үлестерін шаруашылық серіктесіктерінің жарғылық капиталына салым ретінде немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде салған болса, үлестері бар жер иелерінің құқықтарын қорғайтын норма да қарастырылған.
Үшінші. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалға алынған жерлерді пайдалану бойынша шектеулерді алып тастау.
Ұсынылған норма жер пайдаланушыларына оны жалға алу құқығымен құқықтық мәмілелер жасауға, атап айтқанда, банкке салуға, бүкіл жалға алу мерзімі кезінде меншігінен шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл жер пайдаланушылар құқығының құндылығын арттыруға мүмкіндік беріп, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін мемлекеттік қолдаудың пәрменді шарасы ретінде қызмет ететін болады.
Төртінші. Жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыру ресімін жеңілдету. Ауылшаруашылық жерлерінің пайдаланылуына жиі мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан пайдалы жерлерді әрі қарай жекешелендіру үшін мемлекет қорына беру.
Жер кодексіне ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты нысандарды салу кезінде және аталған жер телімдерінде шаруашылық жүргізу түрін ауыстыру кезінде ауылшаруашылық жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін болдырмауды қарастыратын норма енгізілген.
Әкімшілік кедергілерді алып тастау және шығындарын азайту арқылы шаруалар үшін қолайлы жағдайлар тудыру мақсатында ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты нысандарды салу кезінде және аталған жер телімдерінде шаруашылық жүргізу түрін ауыстыру кезінде ауылшаруашылық жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсіміне жол берілмейді.
Ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерінің шетелдік азаматтарға берілуі туралы
Жер кодексінің нормаларына сәйкес шетелдік азамат ауыл шаруашылығына арналған жер телімін тек жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалға алуға құқымен ғана иелене алады.
Ауыл шаруашылығы жерлері олардың жекеменшігіне берілмейді.
Сатып алынған жер телімі сол құқық түрімен оған тиесілі бола алмайтын жағдайларда, үш ай ішінде бұл құқық түрі меншігінен шығарылуы немесе қайта ресімделуі тиіс.
Сонымен қатар, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғалараға және шетелдік заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының шекара маңы аймағында және шекара жолағында орналасқан жер телімдерін ұсынуға жол берілмейді.
Ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі жер телімін мәжбүрлі түрде алу туралы
Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес егер құрылысқа арналған жер телімі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл бойы (егер жобалық-сметалық құжаттамада одан ұзағырақ мерзім қарастырылмаған болса) мақсатына сай пайдаланылмаса, онда мұндай жер телімі Кодекстің 94-бабында қарастырылған тәртіппен мәжбүрлі түрде қайтарып алынуы тиіс.
Қазақстан Республикасы азаматтарының жекеменшігіндегі жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімдеріне бұл норманың қатысы жоқ.
Мұндайда Кодекстің 94-бабының 2-тармағына сәйкес жер телімін мәжбүрлі түрде алу туралы талап—арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде қарастырылған жазалау шараларын қолданғаннан кейін ұсынылатын болады. Сонымен қатар мәжбүрлі түрде алу туралы талап—арыз берілген жазбаша ұйғарым мерзімі өткен соң ұсынылады.
Жер телімін мақсаты бойынша пайдалану шараларын қабылдау үшін берілетін мерзім жер телімінің мақсатына сай пайдаланылмауы туралы факті анықталған сәттен бастап бір жылға белгіленеді.
Жер кодексінің 92-бабының талаптарына сәйкес, жер телімінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмау мерзімі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап есептеледі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай – Кодекс) 97-бабы 3-бөлігіне сәйкес, ауылшаруашылық алқаптары айрықша қорғалуға жатады. Бұл жерлерді ауылшаруашылық өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі (осы Кодекстің 90-бабы).
Ауылшаруашылық өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ нысандар, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді.
Осылайша, жер пайдаланушы жер учаскесін коммерциялық қызметке пайдалану үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуі қажет. Ол Кодекстің 49-1-бабымен реттеледі. 49-1-бабтың 2-бөлігіне сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органға өтініш береді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы, не жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі құзыреті шегінде қорытындылар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс дайындайды (Кодекстің 49-1-бабы 7-бөлігі).
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту немесе жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі өтінішті қабылдамау туралы жергілікті органның шешімі тиісті ұсыныстың комиссияға келіп түскен кезінен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту уәжді болуға тиіс (Кодекстің 49-1-бабы 12-бөлігі).
Жер учаскесін кепілге салу
Жер кодексіне сәйкес кепiлдікке берушiнің жеке меншiк құқығындағы жер учаскесi кепiл зат бола алады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады. (ЖК 76-бап) Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады (ЖК 79-бап 1-б.).
Жер учаскесінің кепілі немесе жер пайдалану құқығы – бұл кепілдің келісіміне, я болмаса, Қазақстан Республикасы заңдарына негізделген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі. Шаруаның жер учаскесін кепілге салу бойынша құқығы ерікті түрде жүзеге асады, оны ешкім еркінен тыс кепілге салу туралы келісімге қол қойдыра алмайды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қолдану тиімділігін бақылау жөнінде
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қолдану тиімділігі Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілген (2015 жылғы 27 наурыз №268) Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану ережелерімен реттеледі.
Ережелер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, соның ішінде, егістік өнімділігінің құлдырауына, топырақ құнарлығының жойылуына, арамшөптердің және т.б. өсімдіктердің басып кетуі салдарынан жер учаскесінің ауыл шаруашылығы мақсатынан шығып қалуына жол бермеуге бағытталған.
Жерлерді пайдалану мен қорғаудың мемлекеттік бақылауы бойынша жұмыстар жүргізуде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері өзекті болып отыр.
Жергілікті атқарушы органдардың жерлерді пайдалану мен қорғауды бақылау бойынша басқармалары жерлерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтаған жағдайда оларға әкімшілік әрекет ету шараларын қабылдайды, тіпті, жерді тәркілеуге дейін бара алады.
Пікір жоқ әзірше