Орталық саябақта ашық бассейндер пайдалануға беріледі

Астана жаңалықтары: Орталық саябақта ашық бассейндер пайдалануға беріледі

Астанадағы Орталық саябақ қала тұрғындарына тосын сый дайындауда. 1 мамырдан бастап есігін ашатын елордалық паркке жаңа аттракциондар орнатылды. Сонымен қатар, онда ашық бассейндер кешені пайдалануға беріледі.

Шырайлы шаһардың халқы мен меймандарына арналған тамаша демалыс орын­да­ры­ның бірі – саябақ екені белгілі. Әсіресе, жаз шыға салысымен республиканың түкпір-түкпірінен Астанаға қарай асығатын ұл-қыздар «Бәйтеректен» кейін аттрак­циондарды іздейді. Ондайда бүлдіршіндерді Есіл жаға­сындағы елордалық паркке ертіп апаруға болады. Бұрындары мұндағы әткеншектер саны аса көп емес-тін. Басыңды шыр көбелек айналдырып, жүрегіңді аспанға ататын экстремалды аттракциондар мүлдем жоқтың қасы еді. Бала біткеннің адре­налинді аңсап тұратын әдеті емес пе?! Енді бұл олқылық реттеліп, таңдау мүмкіндігі көбейе түсті. Атап айтсақ, саябаққа «Merry go round», «Сircus swing», «Aladin jet 6», «Balloon wheel», «Wonder Flight» секілді жаңа аттракциондар орнатылды. Ал парк аумағына құрылған тренажерларда ересектер мен балалар спортпен шұғылдана алады.
Қазір парктегі жөндеу жұ­мыстары аяқталды. Нәтижесінде «Уақыт өзені» субұрқағы бар аллея, «Сағат» стеласы, су шымылдығы бар үңгірлер, «Күннің көзі» композициясы, Олимпиада чемпиондары алаңы жасалып, қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, саябақта үш тас көпір мен серпінді су­бұрқақтар салынып, тоғанның көлемі кеңейтілді.

Ең кереметі, Орталық парктің ішінде бассейндер кешені пайда болмақ. Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы берген ақпарат бойынша, хауыздардың ашылуы осы жылдың маусым айына тұспа-тұс келеді. Бассейндер кешенінің құрамына ауданы 708 шаршы метр, тереңдігі 0,4-1,8 метр болатын, SPA-ваннасы бар хауыздар кіреді. Сонымен қоса, онда спорттық жүзуге арналған, ұзындығы 25 метрлік 5 жолдан тұратын бассейн де табылады. Бұдан бөлек, кешен жерасты техникалық бөлмесі және жазғы дәмханасы бар би алаңқайларымен, «Са­ңырауқұлақ» балалар фонтанымен, трамплиндермен, төбешіктермен жабдықталған. Мұнымен бірге, бассейн аума­ғында ерлер мен әйелдердің киім бөлмесі, резеңке жабын төселген ойын алаңқайы, бадминтон мен жағажай волейболына арналған алаңдар, ағаш күркелер болады.
Коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, электрлік сужылытқыштардың арқасында бассейн кешені қыркүйек айына дейін қызмет көрсетеді. Ондағы судың температурасы шамамен 24-26 градус төңірегінде болмақ.

www.astana-akshamy.kz/?p=34050
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше