Астанада Олимпиада ойындарына 100 күн қалғаны атап өтілді

Астана жаңалықтары: Астанада Олимпиада ойындарына 100 күн қалғаны атап өтілді

Қала әкімі Әділбек Жақсыбеков Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының басталуына 100 күн қалғанына орай өткен спорттық шараға қатысты. Сонымен бірге, шараға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин қатысты.

Төртжылдықтың басты спорт жарысының басталуына қалған 100 күнді бүкіл әлемде атап өтеді. Осы күні жүздеген елордалық тұрғын Риода ел намысын қорғайтын біздің спортшыларымызды қолдау үшін жиналды. Олар спортшылардың өнерін тамашалап, түрлі жарыстар мен шеберлік дәрістеріне қатысты. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңындағы алаң нағыз спорттық алаңға айналды.

Елорда әкімі олимпиадашыларды төртжылдықтың басты додасының жақындауымен құттықтай отырып, оларға үлкен табыс тіледі, ал жиналғандарды спортпен айналысуға шақырды.

«Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынына сенімдімін. Оларға сәттілік және денсаулық тілеймін. Бұл – әлемдегі ең елеулі және ауқымды шаралардың бірі. Бүгінде біздің спортшылар Олимпиаданың 82 жолдамасын жеңіп алды. Елімізде Президенттің тапсырмасымен спортшылар үшін барлық жағдай жасалған, сондықтан олар жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз, ал біз, жанкүйерлер, оларды қолдап, демеу көрсетеміз», — деді Ә. Жақсыбеков.

Алаң бірнеше спорттық аймаққа бөлініп, онда велоспорт, бокс, күрес, таеквондо, дзюдо, ауыр атлетика, триатлон, теннис сияқты спорттың олимпиадалық түрлерінің ұлттық федерациялары шеберлік дәрістерін, түрлі жарыстар және автограф және фотосессиялар өткізді. Шараға келген әр адам олимпиадалық спорт түрінде күшін сынап, өзін нағыз спортшы ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына урбан-спорттың стрит-воркаут және паркур сияқты түрлері де көрсетілді.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дейін үш айдан асар-аспас уақыт қалғаны белгілі, және қазір отандық спортшылар жоғары нәтиже көрсету үшін жарысқа дайындықтарын пысықтай түскен.

Олимпиада жолдамаларының қоржынына елордалық спортшылардың қосқан үлесі де қомақты. Бүгінгі күні астаналықтар 2016-шы жылғы Ойындарға спорттың 8 түрі бойынша 13 лицензия жеңіп алған. Алайда қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевтың айтуынша, «лицензиялар әлі де болады».

Рио-де-Жанейрода өтетін спорт жарысында ел намысын қорғайтындардың бірі – бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, әлем чемпионы және AIBA-ның үздік боксшысы Данияр Елеусінов.

— Мен, шынын айтатын болсам, жоғары нәтижеге – «алтын» алудан үміттімін. Риоға «алтын» үшін барамын, өйткені егер «күміс» немесе «қола» алам десем, қарсыласыма бірінші немесе екінші жекпе-жекте есе жіберуім мүмкін. Олимпиада «алтынын» жеңіп алып, барлығын, барша Қазақстан халқын, өз отбасымды және бірінші кезекте, өзімді бақытты еткім келеді, — деп пікір бөлісті Қазақстанның олимпиада құрамасының мүшесі және елордалық бокс мектебінің өкілі Д.Елеусінов.

Шараға сондай-ақ, белгілі қазақстандық спортшылар Юрий Мельниченко, Гюзель Манюрова, Асхат Житкеев, Арман Чилманов, Дариға Шәкімова, Ләззат Күнгейбаева, Юрий Щукин, Сәбина Әшірбекова және т.б. қолдау білдірді.

Астанада өткізілген акцияның нышаны ретінде шара соңында аспанға 100 әуе шары салтанатты жағдайда ұшырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10441
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше