1 мамырда субұрқақтар маусымы ашылады
Жаз жақындаған сайын Астана тұрғындары қаладағы субұрқақтардың іске қосылуын асыға күтеді. Биыл субұрқақтар маусымының ашылуы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып отыр.
Бүгінде бас шаһарда 40 субұрқақ кешені бар. Олар былтырғы 1 қазанда қысқы режимге ауыстырылған болатын. Қысқы мезгілде ондағы су толығымен сорып алынады. Сыртқы жабдықтары, қондырмалары бөлшектеледі. Сондай-ақ, су қоймаларының жабындары қар мен мұздан тазартылады. Бұдан бөлек, жер астына жылытқыш құралдар орнатылады. Осы жұмыстардың барлығын Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Астана көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы атқарады.
Әдетте фонтандардың сыртқы безендірілуі де ерекше маңызды. Бұл орайда Есіл ауданындағы субұрқақтардың бәсі биік. Небір креативті үлгіде салынып, алуан пішінде атқылайтын заманауи фонтандар елордалықтар мен шаһар қонақтарын таңғалдырудан әсте танар емес. Әсіресе, біздің редакция ғимараты алдындағы биші субұрқақтар жазғы кештерде жұртшылықтың серуендейтін сүйікті мекеніне айналған. Сонымен қоса, Министрліктер үйі, Астаналық цирк, «Арай» саябағы, Есіл өзені маңындағы фонтандар да көздің жауын алып, көңілге рақат сезім сыйлайтыны рас. Жалпы, Есіл ауданындағы 16 субұрқақ кешенінің 8-і декоративтік жарықтандырылу құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал фонтандардың түгелі дерлік компьютер арқылы басқарылады.
Алматы ауданының әкімдігі ұсынған деректерге сүйенсек, мұнда 13 субұрқақ кешені жұмыс істейді. Ішіндегі ең үлкені – 2007 жылы Президент саябағында салынған субұрқақ. Ондағы су көлемі 17045 текше метрге тең. Ал белгіленген қуаттылығы 648 киловатты құрайды. Мұнда 88 электрсорғы, 243 прожектор қойылған. Ауқымы жағынан «Қазақ елі» алаңындағы субұрқақ кешені де бұдан кем түспейді. Аталған орында 2070 текше метр су бар. Қуат деңгейі 605 киловатқа жетеді. Кешен 118 электрсорғы және 808 прожектормен жабдықталған.
Сарыарқа ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, аймақта 10 субұрқақ кешені салынған. Көктемгі уақытта ондағы сорғылар, вентильдер, жабындар, бүріккіш құралдар, бекітпелер, қақпақшалар және шүмектер қайта жаңартылып, қалпына келтірілді. Сонымен бірге, жерасты сулары ағызылып, сыланбаған ағаш қаптамалар бөлшектелді. Жазғы маусымда субұрқақ кешендерінің гранит төсемдеріндегі тұз іздерін тазалау, қоқыстан арылту, судың химиялық құрамын тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Қаладағы барлық фонтандар 1 мамырдан бастап таңғы сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін қосулы тұрады. Техникалық ережелерге сәйкес, түскі 11 мен 12-нің, және кешкі 4 пен 5-тің арасында үзіліс қарастырылған.
www.astana-akshamy.kz/?p=34057
Пікір жоқ әзірше