Елордалық көліктер газбен жүретін болады
Қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында елорданың экологиялық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Отырыс барысында қаралған басты мәселе көліктерді газбен жүруге көшіру болды.
Астана қаласының Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Исаевтың хабарлауынша, қалада тұрақты түрде қоршаған ортаға талдау жүргізіледі. Жалпы алғанда, Астананың ауа бассейні жағдайының көрсеткіші халықтың тіршілік етуіне экологиялық қолайлы болып табылады және республика бойынша өңірлер бөлінісінде атмосфералық ауаның ластануы жағынан ең төмен деңгейді құрайтын бірінші топқа жатады.
Астанада атмосфераға шығарылатын лас заттардың мөлшерін азайтуға баса назар аударылады. Жыл басынан бері 1316 жүргізуші жазаға тартылды.
– Жылжымалы құралдардан шығарылатын лас заттардың мөлшерін қысқарту мақсатында қалалық көлік инфрақұрылымы жақсартылуда, орамдар, жаңа автомобиль жолдары салынып, қазіргі көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының барлығы қозғалыс қарқынын, қиылыстарда көліктердің тұрып қалуын, сәйкесінше, атмосфераға шығарылатын лас заттар мөлшерін азайтуға жол ашады. Айта кетейін, ауа сапасын арттыру үшін ведомствоға қарасты коммуналдық кәсіпорындардың 2965 көлігі газбен жүретін болады. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша коммуналдық кәсіпорындардың 318 машинасы газ отынына ауыстырылды, – деді Сәкен Исаев.
Мұнымен қоса, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жеке меншікті көліктерді газбен жүруге ауыстыруға 1440 келісім берген. С. Исаевтың айтуынша, дизель мен бензинге қарағанда, газ отыны арзанға түседі.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10429
Пікір жоқ әзірше