Астана көлік кептелісімен күреседі
Бұл аптаның ортасында елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ЭКСПО көрмесі мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Мемлекет басшысы келесі жылы Астанада бүкіләлемдік халықаралық ЭКСПО көрмесі өтетіндігін, оған барлық мемлекеттік орталық органдар, ұлттық компаниялар, даму институттары атсалысып жатқандығын баса айтты. «Бүкіл ел болып халықаралық көрмені күш салып, жоғары деңгейде өткізуіміз қажет», — деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент шаһардағы көлік мәселесіне тоқталып, көлік кептелістерін шешуді тапсырды. «Қазірдің өзінде қалада көлік кептелісі қалыпты жағдайға айналды. Мен оны күткен емеспін. Бұл мәселе пайда болды бізде. Енді осы бағытта жұмыс істеу керек. Егер қазір осы мәселені шешпесек, бірнеше жылдан соң, біздің қалада көліктік коллапс болады. Біздің елордада көлік қоятын орындардың мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі жоқ. Жылдамырақ енгізу қажет. LRT құрылысы баяу жүруде», — деп атап өтті Н. Назарбаев.
Баяндама жасаған Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков алдағы жылдары елорданың архитектуралық келбеті жаңарады және жаңа елеулі ғимараттармен толыға түсетінін жеткізді. Әуежайдың жаңғыртылуы, теміржол вокзалы, Хореография академиясы, Әбу-Даби Плаза, Жасыл аудан тұрғын үй алабы, Ритс Карлтон қонақ үйі және өзге де нысандар салынады. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, 24 қонақ үй кешені және 15 мың орынға ЭКСПО қалашық тұрғызылады.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы құрылыс барысында балабақшалардың салынуын көзден таса қылмауды тапсырды. Себебі Астана балабақшамен қамту деңгейі бойынша соңғы орындарда тұр.
«Қыруар тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Бұл үйлердің төменгі қабаттарында балабақша бар ма? Мұнда барлық құрылыс компанияларының басшылары отыр, біз оларға қаражат береміз, несие береміз. Біз ол тұрғын үйлердің ішінде балабақша болуын қарастырып, талап қоюымыз керек. Зәулім ғимараттар салып керек емес. Үй құрылысына рұқсат берер кезде, олардың бірінші қабаттарында балабақша салынуы тиіс деген талап қойыңыздар. Барлық әлемде солай», — деді Н.Назарбаев.
Жиын барысында ЭКСПО-қалашығындағы Қазақстан павильонының қандай болатындығы айтылды.
«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшысы Ахметжан Есімовтің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Қазақстан павильонының тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Сфераның тақырыптың тұжырымдамасы «Болашақ энергиясы музейі» ретінде ұсынылған. 5 мың шаршы метр алаңды алып жатқан сфералық аймақ болады. Бірінде Қазақстанмен танысуға болса, екіншісі «Жасампаздық энергиясы» аймағы болып бөлінеді.
Павильонның бірінші бөлігінде Қазақстанның табиғаты, мәдениет мен тарихы, бүгіні мен болашағы ұсынылатын болады. Бұл жұмыс Мәдениет және спорт министрлігімен бірге жүргізілуде.
Ал «Жасампаздық энергиясы» аймағында отандық ғалымдардың «Жасыл экономика» тақырыбындағы үздік жобалары келушілер назарына ұсынылады. Жобаларды іріктеу жұмысымен Энергетика министрі айналысады.
«Өзіңіз мақұлдаған көрменің басты нысаны сфераның жұмыс құжаттамасы әзірлеушілер бізді сендіргендей 11 мамырда дайын болады. Содан кейін оны нақты жүзеге асыруға кірісеміз», — деді ол Елбасы Н.Назарбаевқа қарата.
inform.kz/kaz/article/2898603
Пікір жоқ әзірше