Мемлекет басшысы Астана қ. дамуы мен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелері бойынша кеңеске қатысты

Астана жаңалықтары: Мемлекет басшысы Астана қ. дамуы мен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелері бойынша кеңеске қатысты
Мемлекет басшысы кеңес алдында көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда-сауық нысандары орналасатын құрылыс алаңын аралап көрді.

Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын дамыту мәселесі мемлекеттің назарында екенін атап өтті.

ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу елорданы дамытудағы маңызды белес болып саналады. Мен көрменің салынып жатқан нысандарын қарап шықтым. Қарқын өте қарбалас, бірақ кесте орындалып жатыр. Бүгінде құрылыс нысандарында шамамен 10 мың адам жұмыспен қамтылған, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті өткен жыл қорытындысы бойынша елорданың өңірлік жиынтық өнімінің өсім қарқыны 5 пайызға жетіп, бүкіл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш болғанына және жалпы Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтығанына назар аударды.

Инвестиция тарту тұрғысынан елеулі жұмыс атқарылды. Жалпы, елорданы көшіргеннен бері тартылған инвестицияның көлемі 6 триллион теңгеден асты. Соның 2 триллион теңгесі мемлекеттік бюджеттен бөлінді. Бұл ретте қазынаға түскен салық түсімдері қазірдің өзінде 4 триллион теңгеден асты. Бұл – мемлекет жүзеге асырған ең тиімді жоба. Көріп отырғандарыңыздай, мемлекеттің Астана құрылысына салған шығыстары ақталды. Бұған қоса, Астана былтыр бірінші рет бюджетіміздің донорына айналып, 900 миллиард теңгеден астам қаражат аударды. Барлық түсімдердің 75 пайызы қаладағы барлық жұмыс орнының жартысын қамтамасыз етіп отырған шағын және орта бизнестен түсіп жатыр. Бұл – біз бүкіл Қазақстан бойынша ұмтылып отырған деңгей, барлық өңір осы көрсеткішке теңесуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 2015 жылы қалада 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын, жұмыссыздық ел бойынша ең төменгі, 4,7 пайыз деңгейінде екенін атап өтті.

Өткен жылдар ішінде 150 ірі әлеуметтік нысан салынды, жаңа университет халықаралық тұрғыдан мойындалды. Медициналық холдинг базасында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсететін заманауи кластер жұмыс істеп жатыр. Оның қызметін былтыр 150 мың адам пайдаланды. Бүгінде елордада ең ұзақ өмір сүру жасы деңгейіне қол жеткізілді. Мәселен, орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 75 жастың шамасында, барлық өңір осы маңызды көрсеткішке ұмтылуы тиіс. Астанада орташа еңбекақы 190 мың теңгеден асады. Біз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге жақсы нәтижелермен келіп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қала халқының саны болжам бойынша дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі ашылар кезге қарай 1 миллион адамға жететініне назар аударды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Астананың дамуындағы негізгі түйткілді мәселелерге тоқталды.

Қазіргі уақытта елорда экономикасын нығайту басым бағыт болатыны атап өтілді.

Арнаулы экономикалық аймақ оң ықпалын тигізді. Қазіргі кезде АЭА аумағында аффинажды зауыт, жолаушылар вагонын, локомотив, әскери жабдықтар, жарық диодты және оптикалық құралдар шығаратын кәсіпорындар тәрізді ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардағы қазақстандық қамту үлесі 20-дан 50 пайызға дейін барады. Дегенмен, іске қосылған 22 жобаның тек 23 пайызы толық қуаты бойынша жұмыс істеп тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қаланың инвестициялық тартымдылығы мәселесіне тоқталып, инвесторлармен жасалатын меморандумдардың тиімділігін арттыруды, сондай-ақ жаңадан ашылып жатқан өндірістердің табыстылығына мониторинг жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жауапты органдарға жер ресурстарының тиімді игерілуін бақылауға алуды тапсырды.

Менің тиісті тапсырмамнан кейін Бас прокуратура мен өзге де органдар тексерулер жүргізді. Пайдаланылмай жатқан 16 мың гектар жер анықталды, енді соны қайтарып алумен айналысу керек. Игерілмеген аумақтар тіпті қаланың орталығында да бар, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Астанадағы іскерлік ортаның ахуалын жақсарту жолдары да сөз болды.

Елордада бизнес үшін қолайлы ахуал қалыптасқан, банктердің бизнеске зор қызығушылығы байқалады. Заманауи сауда орындарын ұйымдастыру үшін кәсіпкерлерге мыңдаған орын бөлу тұрғысындағы жақсы бастама жүзеге асырылып жатыр. Астанада алғашқы болып тек отандық тауарларды сататын сауда орындары ашылды. Алайда қалада, негізінен, кәсіпкерліктің екі түрі – сауда мен құрылыс дамуда. Шағын және орта бизнес инновация саласында тым аз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елорданың сауда орындарының елдің солтүстік және орталық өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен өзара іс-қимылының нашар екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев көлік инфрақұрылымы жұмысына арнайы тоқталып, ЭКСПО қарсаңында қала үшін мейлінше маңызды нысандар жаңа әуежай терминалы мен теміржол вокзалы екенін атап өтті.

Бүгіннің өзінде үлкен кептелістер қалыпты жағдайға айналды, бұл проблеманы шешу қажет. Егер сауатты түрде жобалаумен қазір айналыспасақ, бірнеше жылдан кейін бізді көлік коллапсы күтіп тұр. Қалада әлі күнге дейін тұрақтар жүйесі ұйымдастырылмаған,қоғамдық көлікте жолақы үшін электронды төлем жасау енгізілмеген, – деді ҚазақстанПрезиденті.

Сондай-ақ жолдар салу мен нөсер жауын жағдайына арналған кәріздер жүргізу сапасына тиімді бақылау жасау жүйесі енгізілу қажеттігі де айтылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы азаматтардың жайлы жол жүруіне бағдарланған такси қызметі жұмысына бақылау ұйымдастыру ісін қолға алуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде жаңа тұрғын үйлер құрылысының қарқыны қанағаттанарлық екенін, бірақ қалада үлескерлік құрылыс аясында салынып жатқан проблемалы 45 нысан пайда болғанын айтты.

Қазақстан Президенті әлеуметтік саланы дамыту аспектілері арасынан балабақшадағы орынмен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, бұл түйткілді тұрғын үйлерден тиісті орындар бөлу арқылы шешуді, жастар үшін спорт нысандарына қолжетімділік деңгейін, орта және жоғары білім сапасын арттыруды, сондай-ақ, әсіресе, медициналық туризм есебінен медицина кластерін дамытуды тапсырды.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, қаланың 7 университетінің бірде-бір ғылыми әзірлемесі жоқ, 6 университетінің бірде-бір авторлық куәлігі, 5-еуінің бірді-бір патенті жоқ екен. Мұндай жайт әлемде жоқ. ЭКСПО-ға дайындықтың өзі Астананың ғылыми қоғамдастығын көрме тақырыбы аясындағы инновациялық жобаларды әзірлеу ісіне белсене қатысуға ұмтылдыруға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаланы одан әрі көгалдандыру, ботаникалық бақ құрылысын салу және гүлзар аймағын жетілдіру қажеттігіне назар аударды.

Сөз соңында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.

Іс-шара аясында Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басқармасының төрағасы А.Есімов, энергетика министрі Қ.Бозымбаев, сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов баяндама жасады.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10423
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше