Елордада Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай халықаралық конференция мен «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады

Астана жаңалықтары: Елордада Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай халықаралық конференция мен «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады

Бүгін елордадағы «Көрме» орталығында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, 6-шы Қазақстандық халықаралық конференция мен Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады.

«Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөнінде өткізіліп отырған 6-шы халықаралық көрме мен конференцияға қош келдіңіздер. Біздің бұл көрмеміз бен конференциямыз дәстүрлі шаралардың біріне айналып отыр. 5 жылдың ішінде 20-дан астам компанияларды осы көрмеде көретін болсақ, бүгінде олардың саны 40-тан асты. Олар өздерінің құрал-жабдықтарын әкелді.

Біз қауіпті жұмыс орындарының бар екендігін айтқанбыз. Солардағы еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы ең негізгі мәселе — әрбір жұмысшының қауіпсіздігін сақтайтын құралдармен жабдықтау», — деді жиынды ашқан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Айта кетерлігі, конференция мақсаты кәсіпорындарда жарақаттың азаюына, өндіріс нысандарында апат қаупін төмендетуге, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін шығынды азайтуға, кәсіби аурулардың алдын-алуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру. 2 күндік шара барысында өндірісте еңбектің қауіпсіз шарттарын қамтамасыз етуге экономиканың әсер етуі, еңбектің қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша заңнаманы сақтай отырып, кәсіпорындарда ішкі бақылауды жүзеге асыру, жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың алдын-алу үшін кәсіби тәуекелдерді басқару мәселелері қарастырылуда.

ҚазАқпарат
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше