Астанада Чернобыль апатының құрбандарын еске алды
Бүгін Астанада Чернобыль апатының құрбандарына арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық және жастар ұйымдарының, Ресей және Беларусь мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар мен құрбан болғандардың туыстары қатысты.
Шара апат құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Содан кейін ескерткішке гүл қою рәсімі өтті.
Биыл атаулы оқиғаның орын алғанына 30 жыл толып отыр. Бұрынғы КСРО аумағында орналасқан Чернобыль Атом электр станциясындағы апат салдарынан 150 мың шаршы шақырымға жуық жер радиоактивті элементтермен ластанды. Жарылыс салдарын жоюға 800 мыңға жуық адам қатысты. Сол жылдары 30 мыңнан астам қазақстандық апат салдарын жоюға өз еркімен аттанды.
-Апаттың 15 жылдығына байланысты шағын кітап шығардым. Бүгінгі күні апаттың 30 жылдығына байланысты «Өлі қаланың куәгерлері — Очевидцы мертвого города» деген кітапты тарту етіп отырмын. Онда жалпы апаттың тарихы, қазақстандық азаматтардың ерлікпен көрсеткен ерен еңбектері және апаттан кейінгі барлық жақтардан атқарылып жатқан жұмыстары бүгінгі өмір тыныстары баяндалады. Яғни, 15 жыл бойы қолдағы материалдарды жинақтаумен және 2015 жылдың қарашасынан бастап кірісіп, қарашадан бері қарай жазып шықтым, — дейді «Чернобыль одағы» ҚР ЗТҚ төрағасының орынбасары Марат Жүнісбек.
Айта кетейік, «Астана қаласындағы азаматтардың жекелеген санаттарындағы әлеуметтік көмек көрсету ережелері туралы» Астана қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, Чернобыль атом электр станциясында болған апат салдарын жоюға қатысқан адамдарға үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап коммуналдық төлемдер мен басқа да төлемдерді төлеу үшін өтемақылар бөлінуде.
Сонымен қатар, 557 Чернобыль ардагеріне ақысыз тіс протездеу, қоғамдық көліктерде тегін жол жүру, тегін санаториялық-курорттық ем қабылдау сияқты әлеуметтік көмектер көрсетілуде.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10411
1 пікір