Жасын да кәрісін де жұмылдырған сенбілік

Астаналық жастар мен ардагерлер 200 жуық ағаш отырғызды

Жалпықалалық сенблік аясында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері мен оқушылар қаланы көгалдандыруға белсене қатысты. Олар Қорғалжын тас жолының бойында 200 жуық көшет отырғызды.

— Жасы мен жағдайына қарамастан өз қаласына қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы, сондықтан біз жолдастарымызбен бірге қаланы көгалдандыруға, оны көркейтуге атсалысу үшін осында келдік. Астана – керемет гүлденген қала, оны мақтан етіп, күтіп ұстауымыз керек, — деді социалистік еңбек ері Леонид Картаузов.

Ардагердің пікірінше, өскелең ұрпақтың қандай болып өсетіні ересектерге байланысты, сондықтан балаларға жақсы үлгі көрсетіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйретіп, еңбекке баулу керек.

Астана жаңалықтары: Жасын да кәрісін де жұмылдырған сенбілік

Өз кезегінде қалалық мектеп оқушылары ағаш отырғызуға, аумақты тазартуға қатысып, ардагерлердің әңгімелерін тыңдады, олармен өздерінің болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.

— Біздің №69 мектепте сенбіліктер жиі өткізіледі, оған қуана қатысамыз. Ал бүгін ҰОС ардагерлерімен кездесіп, уақытты тиімді өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Әрине, оларға көмектесіп, бәрін өзіміз істеуге тырыстық, ал ардагерлер бізге қызықты әңгімелерін айтып берді, — дейді Гүлсезім Хасен.

Шараға 10 ардагер мен 48 оқушы қатысты. Естеріңізге сала кетейік, жалпықалалық сенбілікке 100 000 астам адам шықты, қала бойынша 16 000 ағаш отырғызу жоспарланған.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше