ҚАЗАҚ ӘНІНЕ БАҒА БЕРГЕН ТАҢДАУЛЫ 10 ҒАЛЫМ

Негізі, кітапханаға дәл осы тақырып бойынша ізденіп барған жоқ едім. Дәстүрлі ән өнері туралы ғылыми мақалалар мен жазбалар іздеп жүргенмін. «Мынау жарайды-ау» деп ксерокөшірмеден өткізіп алған мәліметтерімнің басым бөлігі дәстүрлі емес, жалпы қазақтың әні туралы екен. Содан қарап отырсам, қазақ әніне ерекше баға берген өзге ел ғалымдарын, тіпті, санатқа тізбектеуге болады екен. Мектеп жасымда археологтар туралы «Олар арнайы осы кәсіпті қалап болмайды-ау. Жәй жер аударып жатып, жылтырағанды немесе шүберек секілді бір ескі затты көріп қалып, соңына дейін қазып не екеніне көз жеткізеді. Сосын, тарихқа зерттеу жаңалықтарын енгізеді де, кейін жетістіктерге жеткізер осы жұмысы оларды одан сайын қызықтыра түсетін секілді» деп ойлайтынмын. Енді, әрине, археологтар секілді жаңалық емес бұл. Бірақ, өзімнің оқып-білгенімді сіздермен де бөліскім келіп отыр. «Әні хитке айналған 5 әнші», «Бірнеше рет тұрмыс құрған жұлдыздар» деген секілді жазбалардан қарағанда пайдалы болар деген үміттемін.
«Қазақ әні дәл мына уақытта пайда болды» деп дөп басып айтуға болмайды. Себебі, адамзаттың дүниеге келгеннен кеткенге дейінгі өмірінің әуенмен байланысуы барлық халыққа тән үрдіс. Алайда, қазақ әніне әлемнің назар аударуы, олардың ғылымға еніп, нотаға жазылуы XIX ғасырға тиесілі. Сондай-ақ, қазақ музыкасына әлем жұртшылығының назар аударуына басты ықпалдық еткен, ең бірінші кезекте, орыс ғалымдары. Олар алпысыншы жылдардан бастап Патша үкіметі жүргізген отарлау саясатымен орыс шаруаларының қазақ жеріне біртіндеп қоныс аударуы нәтижесінде, қазақ халқының шығармашылығымен етене таныса бастаса керек. Және олардың басым бөлігі қазақ әндерінің дамуына орыс мәдениетінің ықпалы басым екендігін жазған. Бұл туралы Ерзакович Борис.: «Қазақ халқының құрамына енген тайпалар мен халықтардың этногенездік өзгешеліктері салдарынан және күні бүгінге дейінгі сақталып келе жатқан көршілес елдердің музыка мәдениетінің ықпалының нәтижесінде қазақ әндері әр жанрда, бағытта көрініс табады»,-дейді. Ол бұл сөзін қазақ музыка тарихында күрделі де, елеулі еңбек жазып қалдырған А.В.Затаевичке жауап та етіп қалдырған екен. Себебі, Затаевич Александр естеліктерінің бірінде: «Орал қазақтарының әні бізге жат емес. Ал, Қарқаралы қазақтарына Оралдық жас жігіттің әні бөгде көрініп, таңырқады. Бұл – қазақ халқының ән өнерінің алуан қырлылығын, жан-жақтылығын, ән қорының орасан молдығының айғағы» дейді.
Қазақтың әншілік өнеріне байланысты ел аузында қалған аңыз Уәлиханов Шоқанның жазбаларында кездеседі. Онда: «Ән аспаннан құс болып қалықтап ұшып жер бетіне жақын келеді. Сонда кейбір жерде төмен, кейбір жерде жоғары ұшып жүрген. Ал, қазақ жерінен өткенде тым аласа ұшып өткендіктен, халық әнді жақсы айтатын болған» делінген. Белгілі ғалымды өзіне қадірлі дос тұтқан орыс саяхатшысы, ғалым Потанин Григорий де қазақ әні туралы өз пікірін қалдырған. Және оны бүгін де бәрі жақсы біледі. Ол өз тамсанғанын «Мен үшін бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп жеткізген екен.
Халқымыздың әні туралы пікір қалдырған орыс ғалымдары өте көп екен. Алайда, соның ішінде жоғары баға бергендерін көзіммен іліп, сіздердің назарларыңызға жазып отырмын. Солардың бірі – «Музыка казахов» еңбегінің авторыЭйхгорн Август. Ол 1870 жылы Түркістанға барып, сондағы өнерпаздармен жақын танысып, мынадай пікір қалыптастырған:«Қазақ әндері құдіретті де, күшті, өктем, әрі сонымен бірге жатық, құлаққа жағымды естіледі… Ауылда, болмаса мал арасында да немесе жапан түзде де жым-жырт аспан астында жалғыз келе жатып салған әнінің өзі әдемі естіледі. Олардың қарапайым сөздері мен саздары айналадағы табиғатпен үндесіп келеді де, оның сырт өмірден алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін ешбір қалтқысыз айқын баяндайды»
Ал,Астафьев Виктордың пікірін Балтабаев Марат «Қазақ халық музыкасы және студент» атты өз еңбегіне қосқан. Онда: «Қазақ әндері – өз эмоциясымен, сезімталдығымен, сөз тазалығымен, айқындылығымен және терең көркем шығармашылығымен баурап алады. Оларда қазақ халқының қатал өмір мектебі де, бастан кешкен және кешіріп отырған оқиғалары бейнеленген» делінген. Әрине, әндерімізді тыңдап отырсақ, олардың мәтіндерінен ата-бабаларымыздың тұрмыстық өмірімен өлең жолдары өрілгенін байқаймыз. Орыс жазушысы Астафьев Виктор да осыны айтпақ болса керек.
Қазақ әніне ерекше ден қойғандардың ішінде кеңестік кезеңдегі белгілі саяси қайраткер Сталин Иосиф те бар. Ол қазақ әні хақында: «Халық өз әндерін ғасырлар бойы сұрыптайды, нәтижесінде өнердің биік сатысына дейін жеткізед» деген.
1816-18 жылдары Астраханьда қазақ әндерінің ноталық жазбасы алғаш жарыққа шыққан. «Музыка и песни уральских мусульман с очерком их быта» еңбегінің авторы, этнограф Рыбаков Сергей мұны өз мақаласына қосып, нәтижесінде сол уақыттағы орыс интеллигенциясының қазақ халқының өнеріне үлкен назарын аудартады.
Қазақтардың топ болып ән айтуы ежелден болғанына дәлелдік ететін, ол туралы алғаш сипаттаған Ресей империясының мемлекеттік қайраткері Левшин Алексей. Оның жазбасында: «Олар (жастар) екі топқа бөлініп, бірінде еркектер, бірінде әйелдер болып екі-екіден қосылып ән айтады. Әйелдер әнге қосып өз жыныстарының артықшылықтарын айтады, еркектерге өз өкпе-наздарын қосып айтады. Ал, еркектер өздерін ақтайды, осылай өздерінің махаббаттарының жарастықтарын сипаттайды» делінген.
Қазақ халқының тұрмыстық және отбасылық өмірі әнмен тығыз байланысты екендігін тағы бір аңғарған ғалым Пфенинг Р.А. (есімі жазылмапты, ғаламтордан да таппадым). Оның қазақ халқының музыка өнері турасындағы тұжырымдамасы былай: «Жазу-сызу үйреткенде, жеке дыбыстар мен буындарды әндетіп айтқызады; Салт-жоралғылардың барлығында да ән айтылады, суырыпсалмалықпен де айта береді; Ән арқылы өлген адамды да жоқтай береді, оның өзінше бір жолы бар; Ауылға жақындап келген жолаушы өзінің келгендігін білдіру мақсатында ән шырқап келеді.»
Маған ең ұнағаны «Қазақ әні» атты мақала жазған, қазақ тарихы мен мәдениетін жіті зерттеген орыс ғалымыАлекторов Алексейдің пікірі. Ол қазақ әнін: «Сыртта соғып тұрған боран мен жылы зілмәңкеде отырып ән тыңдадым. Әнші тері тулақтың үстінде жайғасып отырып, домбырасының шегін қаға бастады. Шектің баяу дірілі, орындаушыға жақындай түскен адамдардың қозғалыс дыбыстары, домбыраның күмбірлеген, қайғылы дыбысы маған ерекше бір әсер етті. Мұндай қарапайым әуенге қаншама поэзия сыйып жатыр. Қолдан істеген екі ішекті домбырада мұншама нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен ешуақытта сенбеген болар едім. Егер де, мына қарапайым, жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім!»-деп керемет сипаттапты.
Ал, белгілі орыс жазушысы Гоголь Николай: "Қай уақытта кім шығарғанын құдайдың өзі білетін қазақ музыкасында адам таңқаларлық көркемдіктер аяғыңды аттап басқан сайын кездеседі. Олар даладағы ешкім сеппей, ешкім бақпай өзінен өзі өскен гүл тәрізді. Алғыр музыкант осы бір адам табиғатының үнінде не бір үлкен қорытынды беретін деректер жатқанын бірден біледі"-дейді.
Қазақтың халық музыкасына баға бергендердің басым бөлігі орыс ғалымдары екен. Солардың зерттеу нәтижесінде өзге елдердің де аңсары біздің мәдениетке ауа бастады, тіпті, қазақ арасында музыкатанушылар саны арта түсті. Музыкатану ғылымы тоқтап қалмай, керісінше, дамуын жалғастырып, бүгінгі күнге дейін жетті. Соның тұтқасын ұстаған, XXI ғасырдың музыкатанушысы Тұрмағанбетова Бақыттың «Қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері» атты мақаласынан қазақ әніне баға берген венгер ғалымына да көзім түсті. Ол Браташ А. (есімі жазылмаған) – Азия халықтарының музыкасын зерттеуші маман, қазақтар және олардың музыкалық шығармашылығы жөнінде былай дейді: «Қазақтар – өте дарынды халық. Мен олардың әндеріне тәнті болдым. Егер, оларды венгерлер мен итальяндықтардан кем түспейді десем қателеспедім деп ойлаймын. Қазақстан – азиялық Вена мен Италияның қосындысы іспеттес...»
Мен таңдаған ғалымдар мен белгілі тұлғалар осы. Әрине, бұлардың барлығы 19-20 ғасырларда назар аударып, зерттеу жүргізген ғалымдар. Ал, бүгінгі әніміздің дәрежесіне ден қойып жатқан өзге елдердің музыкатанушылары бар ма екен, болса олар қандай пікірде?! Алдағы уақытта ізденіп, жауабын тапсам, сіздермен бөлісетін боламын. Жазба қажетіңізге жарайды деген сенімдемін! Және де позитив жазамыз!
Бөлісу:

2 пікір

MERmukhanov
Ашығын айтқанда, әйтеуір бір ондықтың табылары анық еді, Бірақ сол ондықтың құрамы селт еткізбеді.
Где Эйнштейн, где Геродот?
ayzat_bauirzhanqyzy
мен жатақханаға тауып әкелген материалдардың ішінде өңшең орыс ғалымдары екен, сосын теріп жазып шықтым,,, егер арнайы іздегенімде мүмкін тауып әкелер ме едім?!