Астанада Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған гала-концерт өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған гала-концерт өтеді

Ертең, 1 сәуірде Конгресс-холлда қазақ елінің біртуар перзенті, халқымыздың мәдениеті, музыка өнерінде композитор, дирижер ретінде өшпес із қалдырған, күйші, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Нұр аға» гала-концерті өтеді.

Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның талай сазы тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген болатын. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Көш керуен», «Махамбет», «Саржайлау» сияқты әндері мен күйлері халқының сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған.

Нұрғиса Тілендиевке арналған концерттің ерекшелігі – автордың халық ұжымдарына арнап жазған шығармаларын Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің орындайтынында. Дирижері — Ернар Нұртазин және Берік Батырхан.

Ән-жыр кешіне КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен Майра Мұхамедқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Үлкенбаева, Алтынай Жорабаева, Айгүл Қосанова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Қазақстанның жастар сыйлығының иегері Нұрғали Тұрлыбеков, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Нұрбол Балапанов, Шахризада Тыныштық қатысады.

Гала-концерттің басталуы сағат 19.00.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10231
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше