Астанада бүгін «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада бүгін «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтедіБүгін 31 наурызда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жасқа толған мерейтойына байланысты «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясының шешіміне сәйкес, Әлихан Бөкейхановтың мерейтойы 2016 жылғы ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Дөңгелек үстел барысында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты (директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы). тарапынан қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде дайындалған «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты зерттеулер, публицистикалық мақалалар, сұхбаттар және дөңгелек үстел материалдарының жинағы кітапханаға сыйға тартылады. Биыл бұл институт Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметі туралы 2 томдық монографиясының бірінші томын, оның 16-18 томдық шығармалар жинағының толық жинағын, «Алаштың Әлиханы», «Әлихан тағылымы» жинақтарын, сондай-ақ басқа да кітаптар мен жинақтарын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Дөңгелек үстел жұмысына «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары Зиябек Қабылдинов, Данагүл Махат қатысады.

«Алаш қозғалысының көсемі» атты кітап көрмесі Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік, ғылыми, публицистикалық және журналистік қызметі және оның бай мұрасына арналады. Көрмеде автордың кітаптары, жинақтары, сондай-ақ мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары ұсынылады. Сондай-ақ «Алаш ардақтыларына тағзым» тақырыбымен Алаш қайраткерлері суреттерінің көрмесі өтеді.

ҚазАқпарат
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше