"Алау" мұз айдынында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпиондары анықталды
Бүгін Астанада конькимен жүгіру көпсайысы бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Денис Кузин, әйелдер арасында – Екатерина Айдова чемпион атанды.
Үш күн бойы «Алау» мұзайдын сарайында өткен чемпионатқа сегіз аймақтан келген спортшылар қатысты. Жарыстар ересектер арасында да, жасөспірімдер арасында да ұйымдастырылды. Жалпы, 13 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
500, 1500, 1000 және 3000 метрге жүгіруде жиналған ұпай саны бойынша Екатерина Айдова көш бастады, Татьяна Климчук екінші, Мария Сизова үшінші орында.
Ерлер арасында барлық қашықтықтар бойынша жарыстарда Денис Кузин үздік болды, Дмитрий Морозов күміс, Александр Клиенко қола медаль еншіледі.
Жасөспірімдер арасында классикалық көпсайыстан Демьян Гаврилов, қыздар арасында Александра Примак топ жарды.
Конькимен жүгіру спортынан мемлекеттік бапкер Кенже Сәрсекенованың айтуынша, чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының алдағы маусымдағы құрамы анықталады.
– Біздің спортшылар үшін бұл маусым жақсы өтті. Жасөспірімдер резерві артып келеді. Мысалы, Станислав Палкин Әлем кубогының бірнеше кезеңінде, халықаралық жарыстарда бағын сынады, Әлем чемпионатында «еркін» сайыста жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтадық, Әлем кубогы кезеңінде Палкин қола медаль олжалады. Негізгі құрамаға тоқталсақ, спринттен Қазақстанда көш бастап тұрған Роман Креч биыл Әлем чемпионатында 500 м қашықтықта 5-орын алды. Келесі маусымда спортшыларымыздың үздік нәтижелерге қол жеткізетініне үміттенеміз, – деді мемлекеттік бапкер.
Келесі маусымда спортшылар басты жарыс – Алматы қаласында өтетін Универсиадаға дайындалатын болады.
astana.gov.kz/kk/modules/material/10226
Пікір жоқ әзірше